Жаңа жылдан кейін қымбатшылық бола ма: үкімет жауабы

Жаңа жылдан кейін қымбатшылық бола ма: үкімет жауабы
Фото: Бақытжан Отарбаева

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысы аясында өткен баспасөз мәслихатында “жаңа жылдан кейін қымбатшылық бола ма?” деген сауалға жауап берді.

Вице-министр инфляцияны тежеу үшін бірқатар жұмыс жасалып жатқанын мәлімдеді. 

"Жыл басынан қыркүйекке дейінгі кезең үшін инфляция мөлшері 12,9% болды. Ол жерде әрине азық-түлік тауарларына қарағанда басқаларының бағасының өсуі көбірек болып тұр. Жыл басынан бері тарифтер 18 % өсті, бұл 1% инфляция өсіміне әкеп соқтырды. Жыл соңына дейін тариф өсіру жоспарымызда жоқ”, - деді ол.

Ол сондай-ақ азық-түліктік өнімдердің бағасын ұстап тұру үшін ішкі нарықтан шыққан өнімдерді қолдауға көбірек көңіл бөлініп жатқанын айтты. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қосылатын үстемақы да ерекше бақыланып отыр.

"Әлеуметтік маңызы бар азы-түлік өнімдері бағасына қатысты қымбатшылық тамызда болған жоқ. Күріш, картоп, пияз, ұн бағасы арзандады. Біз 15% шегінен асырып баға қойған 2000 бұзушылықты анықтадық. Жаңа жылда да бағаға қатысты бақылау болады", - деді Азамат Әмрин.

БАҚ өкілдері Қазақстанда 2026 жылы Түркиядағыдай инфляция болуы мүмкін бе деп сұрады. Вице-министр Әмрин Қазақстандағы және Түркиядағы экономикалық жағдай әртүрлі екенін алға тартты.

"Біздің және ондағы экономикалық алғышарттар әртүрлі. Әрине, белгілі бір деңгейде мұндай инфляция болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ біз ондай деңгейге дейін жеткізбейміз. Біздің және Түркияның экономикалық жағдайы әртүрлі, сондықтан мұндай сценарий бізде болмайды деп ойлаймын", - деді ол.