Мұстафа Өзтүрік туралы көркем фильмнің түсірілімі екі аптадан кейін басталады – Құдірет Шәмиев

Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Құдірет Шәмиев екі аптадан кейін қазақ таэквондосының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік туралы көркем филмьнің түсірілімі басталатынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құдірет Шәмиевтің айтуынша, Мұстафа Өзтүрікке Гонконгтағы Брюс Лидің ескерткіші сияқты ескерткіш орнату жоспарда бар.
«Ескерткіш қою ойда бар. Мұстафа Өзтүрік туралы фильмнің түсірілімі екі аптадан кейін басталады. Тек Мұстафа Өзтүрік туралы емес, жалпы таэквондо спорты туралы, корей мен қазақ халқының достықты насихаттайтын көркем фильм болады. Оны өзіміз, федерацияның қаржысына түсіргелі жатырмыз. Ондағы мақсат, ақша тауып, прокатқа шығу емес, таэквондоны дәріптей отырып, батырдың есімін ұлықтау», - деді Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.
Айта кетсек, кеше Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік ата-бабасының кіндік қаны тамған жер Абай облысына алғаш рет келіп, облыс әкімі Берік Уәлимен кездесті. Кездесуге түркиялық және қазақстандық кәсіпкерлер Омар Тәйжі мен Қайша Керей қатысты.

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Германияның Мюнхен қаласында тұратын Неслихан Өзтүрік ата-бабаларының жері Абай облысына арнайы келген.
«Мен Германияда туып-өстім. Абай еліне, Семей қаласына алғаш рет келіп отырмын. Құрмет көрсетіп, жылы қабылдағандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Ата-бабаларымның жеріне келіп, ерекше сезімді бастан кешіп отырмын», – деп келтірді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Неслихан Өзтүріктің сөзін.



