Орны бөлек 30 жыл: Ғалым Қожабеков «Аstana aqshamy» газетіндегі еңбек жолы жайлы

Бүгін, 17:41
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views50
Орны бөлек 30 жыл: Ғалым Қожабеков «Аstana aqshamy» газетіндегі еңбек жолы жайлы
Фото Ғалым Қожабековтің жеке мұрағатынан

Елорданың шежірешісіне айналған «Аstana aqshamy» газетінде 30 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп жүрген қаламгер, бүгінде аталған басылымның бас редакторының орынбасары, Ауған соғысының ардагері Ғалым Қожабеков «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ғалым Қожабеков жарыққа шыққанына 35 жыл толып отырған «Astana aqshamy» газетінің табалдырығын аттағанына биылғы шілде айында тура 30 жыл болған.

«Сол өткен кезеңге ойлана зер салсам, саналы ғұмырымның басым бөлігі осы басылыммен біте қайнасып өте шығыпты. Журналистік еңбек жолымды бастаған «Арқа ажары» газетінде бес жылдай істеп, шығармашылық жағынан әжептәуір төселіп қалған шағымда сол кездегі бас редактор Кенже Жұмағұловтың шақыруымен қалалық газетке ауысқан едім. Бұл «Ақмола ақиқаты» газетінің қанаты қатайып, оқырманы қалыптасып, қаладағы зиялы қауымның бас қосатын бір ортасына айналған кезі, 1995 жыл болатын. Айрандай ұйыған шағын ұжымның қатарына тез сіңісіп, жұмысқа білек түре кірістім», - деді Ғалым Қосымжанұлы.

Сол кезеңдегі есте қалған естеліктерімен бөліскен ол кезінде Целиноград қаласының басшысы болған кезінде Аманжол Бөлекпаев газет журналистерімен жыл сайын кездесу өткізіп, үлкен кабинетіне шақырып, әрбір журналистке шай ұсынып, ашық әңгіме жүргізуді дәстүрге айналдырғанын айтып өтті. Айтуынша, сондай жиын барысында қала тіршілігіндегі көптеген мәселе айтылып, ол тақырыптар кейін газет журналистерінің жұмысына арқау болған.

«Кейіннен газетке қосылған Орынбай Балмұратов, Бейбіт Оспанов, Қуат Мақашев, Сағат Ошақбаев сынды журналист азаматтар да «Ақиқаттың» абыройын көтеруге айрықша үлес қосты. Дәл осы кезде редакция жұмысына екі студентті тартқан едік. Олар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің студенттері Амангелді Қиясов пен Ерлібай Қадырбаев болатын. Екеуі де қабілетті екендерін көрсетіп, осы газетте жүріп әскерге аттанды, Отан алдындағы борыштарын өтеп келген соң оқуларын тәмамдап, «Ақмола ақиқатынан» еңбек жолдарын бастады. Қазір бұл азаматтар елімізге белгілі журналистер, қаламгерлер болды», - деп атап өтті «Astana Aqshamy» газеті бас редакторының орынбасары.

Ғалым Қосымжанұлының айтуынша, қала тұрғындарының төл баспасөзіне айналған сол кездегі «Ақмола ақиқаты» газетінің редакциясы шын мәніндегі рухани-мәдени, тіпті қоғамдық-саяси орталық бола алды.

«Қаладағы ұлттық мәдени орталықтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиі келетін. Ал біз өз тарапымыздан осындай көзі қарақты, саяси сауатты азаматтардың қатарынан қоғамдық негіздегі авторларымызды тауып, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетін едік. Ақмола қаласы астана мәртебесін алғаннан кейін қалалық газеттің де деңгейі күрт көтерілді. Тек материалдық-техникалық жағдайы түзеліп қоймай, редакцияға елімізге танымал журналистер келе бастады», - деп қосты ол.

Естеріңізге салсақ, Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шарада Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова «Elorda aqparat» медиахолдингінің бір топ қызметкеріне түрлі марапатты табыс етті. «Astana Aqshamy» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 

35 жыл бойы оқырман назарына ұсынылып келе жатқан кешегі қалалық басылым бүгінгі таңда «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетіне айналып, еліміз бен елордамыздың тынысы туралы тынымсыз жазып келеді.

«Осы газетте қызмет істей жүріп, Жұмагүл Саухат, Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Талғат Батырхан, Мағжан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Аяған Сандыбай, Зейін Әліпбек, Еркін Қыдыр және басқа да журналистика мен баспасөздің саңлақтарымен бірге жұмыс істеп, ұшан-теңіз тәжірибе алғанымды мақтанышпен айтамын. Әрине, газет арқылы елімізге кеңінен танылған жастар да осы газеттен түлеп ұшқаны белгілі. Олардың бәрін бірдей атап өту бір мақаланың аумағына симайтыны сөзсіз. Газет қабырғасында елге танымал қаншама журналистер, жазушылар, ақындар еңбек етті. Қаншама жастар осы басылымнан өмір жолын бастап, асқақ асуларға қанат қақты десеңізші?! Түптеп айтқанда, осы газетте отыз жыл қызмет атқарып келе жатқандықтан, бұл басылымның әр кезеңдегі шығарылымдары, әр кезеңдегі оқиғалары, әр кезеңде бірге жұмыс істеген қызметкерлері мен үшін әрдайым ыстық көрінеді. Ал өзім үшін осы газетте өткізген отыз жылдың орны бөлек, айрықша болып көрінеді», - деді Ғалым Қожабеков.

Айта кетсек, 1990 жылы 13 қазан күні тұңғыш саны жарыққа шыққан аймақтағы алғашқы қазақ тілді басылымдардың бірі «Ақмола ақиқаты» 1998 жылы «Ақмола ақшамы», кейіннен республикалық қоғамдық саяси мәртебесі бар «Астана ақшамы» атанды.

2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанса,  2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты және «Нұр-Сұңқар» сыйлығымен марапатталған.

Бұған дейін «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Елорда шежіресі» атты салтанатты концерт өткенін жазған едік.