Қазақстан волейболшылары Азия ойындарының алтын және қола жүлделерін иеленді
Бахрейнде өткен Азия ойындарында жағажай волейболынан ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасын Алматы әуежайында жанкүйерлер сән-салтанатпен қарсы алды. Жаттықтырушылар, спорт федерацияларының өкілдері чемпиондарға айрықша құрмет көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ер азаматтардан жасақталған ұлттық құрама қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Финалда қазақстандық спортшылар Әлихан Ағабек пен Оразалы Сағыныш жұбы Таиланд командасын есебімен 2:0 жеңіп, (21:15, 23:21) тұғырға көтерілді.
Әйелдер құрамасы да осалдық танытқан жоқ: Гаяна Галаш пен Мерей Қожахмет жұбы жоғары ойын өрнегін көрсетіп, қола жүлдені еншіледі.
«Бұл жетістік – еліміздегі әйелдер жағажай волейболының дамуына оң әсер ететін маңызды қадам», - делінген Қазақстан волейбол федерациясының хабарламасында.

Федерация өкілдері бұл жеңіс жүйелі дайындықтың, жаттықтырушыларға жан-жақты қолдау көрсету мен спортшылардың табандылығының жемісті нәтижесі екенін атап өтті.
Спортшылар қошемет көрсеткен барша жанкүйер мен спорт жанашырларына ризашылықтарын жеткізіп, байрақты бәсекелерде ел сенімін ақтауға бар күштерін салатындарын айтты.
