Елордада жастар саясаты бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы жыл басынан бері білім беру, жұмыспен қамту, волонтерлік қозғалыс, патриоттық тәрбие және салауатты өмір салтын насихаттау сынды негізгі бағыттарды қамтитын бірқатар ауқымды жобаны іске асырды. Бұл туралы Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде Астанада 481 мыңнан астам жас тұрады. Елордада жастардың бастамаларын қолдау, олардың әлеуетін ашу және азаматтық ұстанымын қалыптастыру бағытында мемлекеттік жастар саясаты жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.

Биыл елордада 4 жаңа ЖОО ашылды: Cardiff University филиалы, МГИМО филиалы, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің филиалы, Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеттің филиалы.
Қаладағы 20 жоғары оқу орнында 115 мың студент білім алады. Олардың жайлы тұруы үшін 25 мың орынға арналған 70 жатақхана жұмыс істейді.
Жастарды жұмыспен қамту – негізгі басым бағыттардың бірі. Қалада «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
«Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы NEET санатындағы жастардың үлесі 6,2% немесе 28 мың адамды құрайды.
Жастардың еңбек белсенділігін арттыру мақсатында 35 бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізілген. Жазғы маусымда «Жасыл ел» жобасы бойынша 5200 жас жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар «JOLTAP» жобасы аясында жастар SMM, таргетинг, графикалық дизайн сияқты 7 цифрлық бағыт пен тігінші, бариста, бухгалтер секілді 11 жұмысшы мамандығын меңгеруде.
2025 жылдың соңына дейін 5300 адам жұмысшы мамандығы бойынша, 2700 адам цифрлық бағыттар бойынша оқытылады деп жоспарланып отыр», – деді Самат Ибраев.
Оның айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында еріктілердің, студенттердің және қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды жұмыс жүргізілді. Жалпы қамту 100 мыңнан астам адамды құрады.

Спикердің мәліметінше,«Заң және тәртіп» жобасы аясында есірткі жарнамасына қатысты жазуларды бояу бойынша тұрақты рейдтер және танымал блогерлермен бірге спорттық жаттығулар өткізіліп келеді.
«ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы аясында тренингтер, спорттық турнирлер, подкасттар, шығармашылық байқаулар және имитациялық сот процестері ұйымдастырылады.
Интернет кеңістігінде есірткі заттарының заңсыз сатылымына мониторинг жүргізіліп, әлеуметтік желілер мен маркетплейстерде 12 мыңнан астам парақша тексерілді.
Волонтерлік қозғалыс – жастар саясатының негізгі бағытының бірі. Елордада 50 волонтерлік ұйымды біріктіретін фронт-кеңсе жұмыс істейді, олардың 30-ы белсенді түрде қызмет атқарып отыр. Жалпы волонтерлер саны – шамамен 6000 адам.
Жыл сайын олар халықаралық, республикалық және қалалық деңгейдегі 150-ден астам іс-шараға қатысады. Патриоттық тәрбие бағытында «Жас сарбаз» жобасы жүзеге асуда.
Оның аясында ерлік сабақтары, ардагерлермен кездесулер, фильм көрсетілімдері және патриоттық әндер байқаулары өткізіледі. Қазіргі таңда 63 мектепте және 14 колледжде «Жас сарбаз» сыныптары мен клубтары ашылып, 3000-нан астам жас тәрбиеленуде.
Елордада 30 жастар ұйымы белсенді жұмыс атқарып, әлеуметтік жауапты және бастамашыл жастарды біріктіруде. Бұл жобалар жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың қоғам өміріне қатысуын кеңейтіп, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін көбейтуде.
Жастар саясатының маңызды бағыты – отбасы институтын нығайту. «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында жас отбасыларға арналған шеберлік сағаттары, спорттық эстафеталар, байқаулар және тренингтер өткізіледі.
Басқарма басшысы әсіресе, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Ең үздік жас отбасы» байқауы ерекше танымал екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл жоба жауапты ата-аналық мәдениетті дамытуға және отбасылық берекені нығайтуға ықпал етеді.
