Қазақстандықтарға электр желісіне қосылу рұқсатын ЖИ беруі мүмкін

Бүгін, 16:19
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views65
Қазақстандықтарға электр желісіне қосылу рұқсатын ЖИ беруі мүмкін
Фото: Алматы әкімдігі

«Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысында электр желісіне қосылу рұқсатын ЖИ беруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz

«Қазір техникалық шарттарды беру процесі «АЖК» АҚ техникалық персоналы тарапынан жүзеге асырылады. Бұл ретте адам факторы басымдық танытып, түрлі қателіктер болуы мүмкін. Соның салдарынан түпкі тұтынушының электр жүйесіне қосылуы қымбаттауы мүмкін. Жасанды интеллект енгізу техникалық шарттарды тұтынушыға барынша оңтайлы схемамен беріп, адам факторын толығымен жоюға мүмкіндік береді», - деді компания басшысы.

Соның арқасында техникалық шарттарды әзірлеу мен беру мерзімінің қысқарып, желіге қосылудың ең оңтайлы нүктесін анықтау жеңілдемек.