Ақтауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адам зардап шекті
Жарылыс үйдің жертөлесінде болған. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті шақырту бүгін, 28 қазанда сағат 09:03-те түскенін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«28 қазан күні сағат 09:03-те «32» шағын аудандағы «Азия» тұрғын үй кешені 83 үйдің жертөлесінде газ-ауа қоспасының жарылғаны туралы сигнал түсті. Бұл жерге департаменттің жеке құрамынан 11 қызметкері және 4 техника барды», - делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға 5 адам жеткізілген. Оның екеуі – 2010 және 2015 жылы туған балалар, ал үшеуі – ересектер.
1973 жылғы науқастың жағдайы ауыр, денесін 50-55 пайыз күйік шалған. Дәрігерлер оны жансақтау бөліміне жатқызды. Екінші 2003 жылғы азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем алу үшін үйіне жіберілген.
Ал облыстық балалар ауруханасына 3 адам жеткізілген. Оның бірі 15 жасар қыз газ исіне уланған. Жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр болғандықтан, педиатриялық бөлімге жатқызылды. 7 және 10 жасар жеткіншектер дәрігердің қарауынан соң, ауруханаға жатудан бас тартып, ата-аналарымен бірге үйлеріне жіберілген.
«Оқиға орнына жедел медициналық көмек бригадалары мен Апаттар медицинасы орталығының өкілдері барды. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілді. Екі науқас ауруханаға жатқызылды, үшеуі тексеруден кейін амбулаториялық емделуге жіберілді. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты деп бағаланады. Өңірдің жедел жәрдем және медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейді. Жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында», - делінген хабарламада.
