Астанада «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтіп жатыр

Астанада «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтіп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

31 қазан күні Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы басталды. Астанадағы Оқушылар сарайында астаналықтар құқықтық кеңес алып жатыр.

Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалары бар.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, ҚР Әділет министрлігі, мемлекеттік билік органдары, Республикалық адвокаттар алқасы, сондай-ақ Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары ұйымдастырып отыр.

Астана қалалық прокуратурасы аппарат басшысы Жеңісбек Пірімбектің айтуынша, өзекті сұрақпен келген халықтың қарасы қалың.

“Бүгін "Заң және тәртіп” қағидасы аясында “Халық заңгері” деген акциямыз жүріп жатыр. 100-ге жуық мемлекеттік қызметкер халықты мазалаған сұрақтардың жауабын табуға көмектеседі. Сағат 17.00-де басталды. Азаматтардың жұмыс уақыты аяқталуына ыңғайлап, осы уақытқа қойдық. Түнге дейін келуші халықтың барлығының сұрағына жауап іздейтін боламыз. Кез келген сұрақпен құқықтық көмек алуына болады. Мысалы, бір сұрақпен әкімдіктің бірнеше басқармасына бару керек болса, осы жерден бірден сұрап, мәселесін жедел шешіп алуына мұрындық болуға тырысамыз. Аудан прокурорлары, қала прокурорларының орынбасарлары, әкімдіктің барлық басқармалары өкілдері, аудан әкімдіктері аппаратынан келіп отыр. Бұл акция 2016 жылдан бері жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін 400 мыңға жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” принципін берік ұстанып, жиі өткізуге тырысамыз. Мамыр айында өткізген едік, енді, міне, бүгін өтіп отыр. Бас прокуратура, Әділет министрлігіне қатысты сұрақтармен көп келеді. Үлестік құрылысқа қатысты құқықтық сұрақпен келгендер бар, әкімдік пен прокуратура осы сұрақ бойынша қарап жатыр”,- дейді Жеңісбек Сабырбекұлы.


«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналды және қарапайым қазақстандықтар алғысын білдіріп жатыр. Мәселен, Ақтөбеден жақында қоныс аударған Делен Дәріжанов салық комитетін сотта жеңіп шыққан. Енді сот шығындарын өтеп алу бойынша бүгін құқықтық кеңес алуға келген. Мазалаған сауалдарыма толық жауап алдым деп отыр.

“Шара өте пайдалы. Мен, мысалы, Ақтөбеден көшіп келгенмін. Ақтөбедегі екі үйімді сатқан едім. Соған 4 миллион теңге салық төлеуіңіз керек деп салық басқармасынан хабарлама келді. Сатқан екі үйімді 40 миллион теңге деп есептеп, 4 миллион теңге салық салған. Шын мәнінде, мен нарықтағы құнынан төмен бағада саттым. Нотариустағы жігіт еш салық төлемейтінімді айтқан. Кейін оларды сотқа беріп, жеңіп шықтым. Енді сот шығындарына кеткен ақшамды қайтарып алу сұрағы бойынша қалалық прокуратура өкілдерінен кеңес алдым. Жөн сілтеді, енді қайда бару керек, қандай арыз жазу керек - бәрін біліп алдым. Ұйымдастырып жатқандарға алғыс айтамын. Нағыз халыққа керек дүние”, - деді қала тұрғыны.