«Даму» қоры арқылы Астанада 600 жоба табысты дамып келеді

Бүгін, 15:56
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views66
«Даму» қоры арқылы Астанада 600 жоба табысты дамып келеді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада «Даму» қорының қолдауымен шағын және орта бизнестің 600-ден аса жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Қор кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, жеткілікті кепіл болмаған жағдайда несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау сияқты құралдар арқылы көмек көрсетеді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ауқымды трансформация кезеңінен өтіп жатыр. Дегенмен кәсіпкерлерге таныс қолдау құралдары сақталып, олардың ішкі құрылымы жетілдірілді. Бұл жұмыс жылдамдығын арттырып, тиімділікті күшейтеді.

Қор қолдаудың нарықтық емес тетіктерінен тұрақты және ұзақмерзімді шараларға біртіндеп көшуде. Мәселен, маусым айында жеңілдетілген несиелеудің «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға тиімді балама болып саналады және кәсіпкерлерге қаржыландыруды кідіріссіз алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама 12,6% тұрақты мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзіммен ұсынылады. Астанада осы бағдарлама аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 63,6 млрд теңгеге 109 жоба қолдау тапты.

«Ұлттық даму институты ретінде «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қолдау мен ынталандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырып келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, өңірлердің экономикалық дамуына берік негіз қалайды. 2024 жылы кәсіпорындар тұрақты даму көрсеткіштерін сақтап, өндірістік белсенділікті арттырды. Осы кезеңде 2,1 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 10,5 мың жұмыс орны сақталды. Біздің басты мақсатымыз – экономиканың тұрақты дамуы, жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту», – деді «Даму» қорының Астана қаласы бойынша филиалының директоры Светлана Назарюк.

Қор қолдау көрсеткен елордалық кәсіпорындардың бірі – «TAZAU Завод очистных сооружений» ЖШС. Компания тұрмыстық, нөсер және өндірістік сарқынды суларды тазалауға арналған блокты-модульдік жүйелер шығаратын жетекші отандық өндірушілердің қатарында. Сонымен қатар сыртқы инженерлік желілерге арналған жабдықтар өндіреді. Компания ТМД елдерінде он жылдан астам уақыт табысты жұмыс істеп, сенімді әрі экологиялық таза шешімдер ұсынуда.

Қордың қолдауын алған тағы бір кәсіпорын – бір реттік ыдыс пен қаптама өнімдерін шығаратын YANS ЖШС. 2009 жылы құрылған компания 15 жылдан астам уақыт бойы еліміздің нарығында табысты жұмыс істеп келеді. YANS HoReCa сегментіне (қонақүй, мейрамхана, кафе), сондай-ақ сауда және өндіріс ұйымдарына сапалы өнім жеткізеді. Компания экологиялық және инновациялық өндіріс тәсілдерін енгізу арқылы сенімді өндіруші ретінде танылған.

Сонымен қатар қордың қолдау құралдарын пайдаланған кәсіпорындардың бірі – «ТАТЫМ» ЖК, ол ерекше рецепт бойынша дайындалған эксклюзивті нан өнімдерін шығарады. Компания дәстүрлі отбасылық пісіру тәсілін заманауи технологиялармен ұштастырып, тұтынушыларға табиғи әрі сапалы өнім ұсынады. «Вкус хлеба» брендімен шығарылатын өнімдер балғындығы және ассортиментінің кеңдігімен ерекшеленіп, қазақстандықтардың сеніміне ие болған.

«Даму» қорының қолдауы – жай ғана қаржылай көмек емес, аймақтық экономиканы нығайтуға бағытталған кешенді шара.

Елорда кәсіпкерлері үшін бұл – бизнесті дамыту, жаңғырту және бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тиімді тетігі.