«Таза Қазақстан»: Астанада ағаш егу науқаны өтті

Бүгін Астана қаласы Нұра ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш егу науқаны өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға Тұран даңғылының бойында орналасқан «Ана мен бала орталығы», «Кардиология орталығы», «Республикалық диагностика орталығы» сынды айтулы емдеу мекемелері, Нұра ауданы әкімдігінің қызметкерлері, мектеп ұжымдары қатысты.
«Бұл – Нұра ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жасалып жатқан шара. Бүгін қатырынан екінші апта, ағаш егіп жатырмыз. Науқан алдағы апталарда да жалғасады. Жалпы 4500 түп ағаш отырғызу жоспарымызда бар. Бұлардың барлығы – Астананың климатына бейімделген, 8-9 жылдық көшеттер. Жас көшеттерге қарағанда қатарға қосылуы жақсы болғандықтан әдейі таңдап алып отырмыз», – дейді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Айта кетейік, елордада 13 қыркүйектен 11 қазанға дейін дәстүрлі экологиялық айлық «Таза Қазақстан: Таза Астана» өтіп жатыр.
Сенбілікке қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері (базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.), волонтерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, ПИК (МИБ) және басқа да ұйымдар қатысып жатыр.