«Десант-2025»: 3 мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік дайындықты пысықтады

Бүгін, 12:08
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views40
«Десант-2025»: 3 мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік дайындықты пысықтады
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Сарыөзек гарнизонында орналасқан «Көктал» оқу-жаттығу полигонында «Десант-2025» екі жақты, екі кезеңді командалық-штабтық оқу-жаттығуының белсенді фазасы өтті. Бұл маневрлерге Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 3 мыңнан астам әскери қызметшісі қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқу-жаттығу бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дайындық жағдайындағы іс-қимылын жетілдіруге бағытталған біртұтас стратегиялық міндет аясында ұйымдастырылды. Әсіресе, бөлімшелердің белгіленген ауданға марш жасауын, рейдтік жасақ пен жалпы әскери резерв құрамында ұрыс жүргізуге дайындығын үйлестіруге баса назар аударылды.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов өз сөзінде мұндай оқу-жаттығулардың Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік қабілетін арттырудағы маңызын атап өтіп, жеке құрамды даярлауда жаңа әдістер мен технологияларды енгізудің өзектілігіне ерекше тоқталды.

«Мұндай жаттығулар – жай ғана тексеру емес, бұл бөлімшелердің үйлесімділігін көрсетуге, олардың шынайы жауынгерлік қуатын сынауға және өз күшіне деген сенімді нығайтуға берілген маңызды мүмкіндік», – деді Қорғаныс министрі. 

«Десант-2025» оқу-жаттығуының ерекше тұсы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған жаңа, серпінді форматта өтуі болды. Алғаш рет барлық деңгейдегі басқару органдары мен десанттық-шабуылдау бригадаларының 800-ден астам әскери қызметшісі жауынгерлік құжаттарды әзірлеп, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап, төрт тәулік бойы қорғалған командалық пункттерде жұмыс жүргізді. Бұл жаттығудың шынайылығы мен жеделдігін едәуір арттырды.

Оқу барысында заманауи ұрыс жүргізу технологиялары, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылды. Олар әуеден барлау жүргізу, авиация мен артиллерияның оқ атуын түзету, қарсы тарапқа соққы беру және бөлімшелерді нақты уақыт режимінде басқару сияқты міндеттерді тиімді атқаруға мүмкіндік берді. Бұл шешім қабылдауды жеделдетіп, ұрыс даласындағы іс-қимылдардың тиімділігін арттырды.

Қарулы күштер түрлерінің өзара іс-қимылын пысықтау үшін жаттығуға армиялық тікұшақтар мен майдандық авиация ұшақтары тартылды.

Логистикалық қамтамасыз ету мақсатында С-295 ұшақтары қолданылып, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен өзге де материалдық құралдар жеткізілді. Сонымен қатар ПГС-500 парашюттік-жүк жүйесі мен болашағы зор АПСДГ-500 автоматтандырылған жүк жеткізу жүйесі де пайдаланылды.

«Десант-2025» оқу-жаттығуы барысында жалпы саны 50-ден астам артиллериялық қару-жарақ, 30-ға жуық сауытты техника және 250-ден астам автокөлік тартылды.