Олжас Бектенов: Электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажет

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажеттігіне баса назар аударды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Олар белгілі бір дәрежеде қоғамдық көліктерге түсетін жүктемені біршама азайтып жатқанына қарамастан, жол ережелерін сақтамау салдарынан тұрғындарға да қолайсыздық келтіріп, жол қозғалысына қауіп төндіруде. Жыл басынан бері электросамокаттардың қатысуымен 360-тан астам оқыс оқиға тіркелді.
«Жолдауда Мемлекет басшысының осы өзекті мәселеге назар аударуы кездейсоқ емес.
Әлемдік тәжірибе бірқатар елде мұндай көлік құралдарынан толық бас тарту немесе оған шектеу қою шаралары қолданылғанын көрсетіп отыр.
Мәселен, Парижде 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап самокаттарды жалға алуға тыйым салынды. Тек өз құралыңды пайдалануға рұқсат. Өткен жылдың қазан айынан бастап Мадридте де дәл осындай шектеу шаралары күшіне енді. Ұлыбританияда әрбір электросамокатқа мемлекеттік нөмір беріліп, оны тек жүргізуші куәлігімен ғана басқаруға болады.
Ішкі істер министрлігіне заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды тапсырамын. Бүгін біз осы мәселе бойынша Үкімет қорытындысын қабылдаймыз», - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жалпы күре жолда адам өмірі мен денсаулығын сақтау әрбір мемлекеттік органның және әкімдіктің жұмысындағы басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.



