«Жасыл» трансформация: Қазақстан мен Финляндия бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады

Бүгін, 17:44
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views72
«Жасыл» трансформация: Қазақстан мен Финляндия бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады
Фото: Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Финляндия Экономика және еңбек министрлігінің тұрақты хатшысы Тимо Яаатиненмен, сондай-ақ фин компаниялары EastCham Finland, Wärtsilä, Finnvera және Nurminen Logistics өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Келіссөз барысында тараптар энергетика саласындағы қазақ-фин ынтымақтастығының өзекті мәселелерін және бірлескен инвестициялық, инновациялық жобаларды іске асырудың перспективаларын талқылады.

Вице-министр Қазақстан Финляндиямен энергетика саласындағы серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін және өзара іс-қимылды тереңдетуге, озық тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ тұрақты энергетикалық жобаларға инвестиция тартуға дайын екенін атап өтті.

«Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Энергетика министрлігі финдік «Wärtsilä» компаниясымен ынтымақтастық тәжірибесіне ие және бұл бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі», - делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Тараптар сондай-ақ «жасыл» трансформация мен декарбонизация саласындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытты. Бұл Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық басымдықтарына сәйкес келеді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия министрліктері арасында Финляндия Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында қол қойылған энергетика саласындағы меморандумның іске асырылуы талқыланды.

Қойылған міндеттерді практикалық тұрғыда жүзеге асыру мақсатында екіжақты жұмыс тобы құрылды. Оның алғашқы отырысы былтыр өткен болатын. Биыл нақты жобалар мен өзара іс-қимыл тетіктерін талқылауға арналған келесі отырысты өткізу жоспарлануда.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бұл кездесу өзара түсіністікті нығайтуға және Қазақстан мен Финляндия Республикасының энергетика саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға берік негіз болатынына сенім білдірді.