«Біздің күшіміз бірлікте»: Екатерина Смолякова Ұлттық мерекенің маңыздылығы туралы айтты

Бүгін, 13:01
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views63
«Біздің күшіміз бірлікте»: Екатерина Смолякова Ұлттық мерекенің маңыздылығы туралы айтты
Фото Екатерина Смолякованың жеке мұрағатынан

Біздің ең үлкен жетістігіміз – бірлік пен татулық. Қазақстан – әлемге үлгі боларлық этносаралық келісім мен өзара сыйластықтың Отаны. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова Республика күніне орай Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Екатерина Сергеевна, Республика күні құтты болсын! Алдымен осынау мерекенің тарихи негізі туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Рақмет! Барша қазақстандықты Республика күнімен құттықтаймын! 25 қазан – бұл біздің мемлекеттілігіміздің жаңа дәуірі басталған күн. 1990 жылы дәл осы күні «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» қабылданып, еліміз өз тағдырын өзі айқындайтын тәуелсіз мемлекет болуға қадам басты. Бұл құжат – біздің Тәуелсіздік туралы Ата Заңымыздың алғашқы кірпіші.
Қазақтың ұлы тұлғасы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Сол мінезді, сол рухты ұлт ретінде дәл осы күні таныттық деп ойлаймын.

– 25 қазан – мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуының есебі жүргізілетін ерекше дата. Дәл осы күні қазіргі еркін қоғамның берік іргетасы қаланды. Бұл ретте сіз Қазақстан тарихындағы қандай өтпелі кезеңді атап өтер едіңіз?

– Мен үшін ең маңызды өтпелі кезең – бұл 1990–1995 жылдар аралығы. Бұл жылдары еліміз егемендігін алғаннан кейін өз Конституциясын қабылдап, жаңа саяси, экономикалық бағытқа бет бұрды. Ол кезең – халықтың төзімі мен сенімінің сыналған уақыты болды.
Сол кезде мемлекетіміздің саяси жүйесі қалыптасып, нарықтық экономикаға өту кезеңі басталды. Қазақта «Қиындықсыз жеңіс жоқ» дейді ғой. Сол қиын жылдарда ел болып ұйысып, жаңа қоғамның іргесін қаладық. 

– Республика күні – бұл өткенді еске алу ғана емес, болашақ жайлы да ой өрбітетін Ұлттық мереке. Қазіргі уақытта еліміздің даму қарқыны қалай және осы уақытқа дейін қандай белесті бағындырды деп ойлайсыз?

– Бүгінгі Қазақстан – өткенге құрметпен қарайтын, болашаққа сеніммен ұмтылатын ел. Тәуелсіздік жылдарында біз әлемге танылған мемлекетке айналдық. Экономикасы нығайып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм сияқты салалар жаңа серпін алды.

Менің ойымша, ең үлкен жетістігіміз – бірлік пен татулық. Сол бірліктің арқасында Қазақстан халықаралық деңгейде бейбіт бастамаларымен ерекшеленді. Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген сөзі бар. Сол «ертең» бүгінде біздің қолымызда.

– Саяси аренадағы оқиғалардың қалай өрбігенін және мемлекеттің ресми қалыптасу кезеңі қалай болғанын тарихтан аңғаруға болады. Тәуелсіздік жылдарында еліміз әлем картасынан өзінің лайықты орнын алды. Жалпы, әлем қауымдастығы алдында еліміздің орны қандай? Сіз бұған қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстан бүгінде әлем картасында бейбітшілік пен диалогтың символына айналды. Біздің ел БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ сияқты беделді ұйымдардың белсенді мүшесі болып, халықаралық аренада өз орнын дәлелдеді.
Бірнеше жыл бұрын Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Бұл – біздің дипломатияның үлкен жеңісі. Әлем бізді тұрақтылықтың, келісім мен татулықтың елі ретінде көреді.
Татулық пен бірліктің арқасында біз өз орнымызды абыроймен таптық.

– Мемлекеттік егемендік туралы жарияланған Декларацияда қазақ ұлтының және Қазақстандағы өзге де этностардың төл мәдениетін, салт-дәстүрлерін, ана тілдерін жаңғырту және дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту жайлы жазылған. Сіздің ойыңызша, көп ұлтты еліміз Қазақстанда түрлі этнос өкілдері қалай өмір сүріп жатыр?

– Мен өзім де көпұлтты қоғамның өкілімін, қазақтың келіні ретінде халқымыздың салт-дәстүрін ерекше құрметтеймін. Қазақстанда әр этнос өкілі өз мәдениетін сақтап, сонымен қатар қазақ ұлтымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Біздің күшіміз – осы бірлікте. Президентіміз айтқандай, «Біздің ең басты байлығымыз – адам капиталы мен елдің ынтымағы».
Бүгінгі Қазақстан – әлемге үлгі боларлық этносаралық келісім мен өзара сыйластықтың Отаны.

– Сұхбатыңызға рақмет!