«Абайды зерттеуге ғұмырың жетпейді»: Абайтанушы Алмахан Мұхаметқалиқызымен сұхбат


Қазақ руханиятының өзегінде тұрған ұлы тұлғалардың бірі - Абай Құнанбайұлы. Оның мұрасы ұлттық болмыстың темірқазығы мен тәрбиенің үлгісіне айналды. Биыл Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толып отыр. Осы атаулы мерейтой қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі ұлы ақын әрі ойшылдың әлеміне терең бойлап, оның мол мұрасын жас ұрпаққа жеткізуді басты парызы санайтын белгілі абайтанушы, ақын, елордадағы №87 мектеп-гимназияның «Абайтану» музейінің жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызымен сұхбаттасты.
- Алмахан Мұхаметқалиқызы, өзіңіз Абай әлемімен алғаш қалай таныстыңыз?
- Мен Семей қаласындағы мұғалімдерді даярлайтын педагогикалық институтты бітірдім. Одан кейін аудандық газетте жұмыс істедім. Ол кезде газеттің әр шығарылымында Абай туралы талдау материалдардың жарық көруі міндетті еді. Сол кезде алғаш рет ақын туралы тереңірек оқи бастадым. Кейін Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына жұмысқа орналастым. Онда келушілерге экскурсия жүргізіп, Абай туралы ғылыми тақырыптарда баяндама жасап жүрдім. Мен Төкен Ибрагимов, Қайым Мұхамедханов, Бекен Исабаев сияқты абайтанушылардың ақыл-кеңесін тыңдап өстім. Оқуды бітірген соң, басқалар сияқты ғылым қуып, оқудың соңына түсіп кетпедім. Өйткені сол кезде ағаларымыз «Абайдың соңына түс» деп ақыл айтқан еді. Рас, бастапқыда қиналдым. Абайдың шығармаларын оқу, түсіну және оны кәдімгідей мақалаға айналдырып жазу, жалпы оның өміріне тереңдеу деген оңай дүние емес. 18 жыл мұражайда қызмет етіп, Абайдың шығармашылығы туралы зерттеу мақалалар жазып жүрдім. Ал Абай мұрасына тереңірек үнілу елордаға келген кезде, яғни 2010 жылы басталды.
- Астанада Абайтану ғылыми-танымдық орталығы қалай ашылды?
- Астанаға 2010 жылы көшіп келіп, Абайға қатысы бар бір мекемеде жұмыс істесем екен деп ойладым. Жолым Қазақстан-Ресей университетіне түсіп, басшылыққа Абай атындағы кабинет ашу туралы ұсыныс білдірдім. Сол кезде маған екі үлкен кабинет беріліп, алғаш рет елордада Абайтану ғылыми-танымдық орталығын аштым. Ол үшін пойызбен Семейге қатынап, Абайдың мұрасына қатысты заттарды жинадым. Елордадағы зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар қауымы орталыққа қызығушылық таныта бастады. Содан «Ұлылар мекеніне саяхат», «Астана нұры» атты жобалар іске қосылды. «Абайтану» деген мұғалімдерге арналған курс ашылды. «Ұлылар мекеніне саяхат» жобасы аясында 42 адамнан тұратын топ құрып, жыл сайын Семей өңіріне барып тұрдық. Бұл саяхаттың басты мақсаты Абайдың өмірі мен шығармашылығына терең үнілу еді. Төрт жылдан кейін Қазақстан-Ресей университеті ішкі мәселелеріне байланысты жабылып қалып, орталық та жұмысын тоқтатты. Кейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен ғылыми конференцияда мен сөз сөйлеп, жабылып қалған орталықты қайта ашу туралы ұсыныс жасадым. Осы ұсыныстың нәтижесінде мерейтой кезінде қаладағы №87 мектеп-гимназияда «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы қайта ашылып, мектепке ұлы Абайдың есімі берілді.
- Елордалық мектептегі «Абайтану» музейі оқушыларға қандай мүмкіндіктер береді?
- Бұл орталықтың ерекшелігі - оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай абайтануды сатылап оқыту. «Абай жолы» романына енгізілмей қалған Абай өмірі туралы естеліктерге сүйене отырып, бала тілімен жазылған 1-4 сыныпқа арналған «Бала Абай» бағдарламасын жасадым. 5-8-сынып оқушыларына арналған «Ақын Абай» туралы бағдарлама әзірледім. Онда есейген 14 жастағы Абайдың ақын болып қалыптасқанын, оның әкесі Құнанбаймен, әжесі Зеремен байланысын, оның ел арасындағы тапқырлығын айтамыз. Одан кейін 9-11-сынып оқушыларына арналған жеке «Хакім Абай» атты бағдарлама жасап шықтым. Бүгінде орталыққа қала мектептерінің оқушылары мен ұстаздары келіп, өздеріне қажетті барлық ақпаратты алады. Сонымен қатар музейде Семейдегі мемлекеттік Абай мұражайы қорынан алынған фотосуреттер, абайтанушы ғалымдардың еңбектері және Абайдың Н.Долгополовпен бірге жинастырған сыбызғы, асатаяқ, шоқпар, сойыл сынды жәдігерлер бар.
- Алмахан ханым, абайтануды мектепте оқыту тиімділігіне тоқталып өтсеңіз...
- Абайдың әлемін зерттеу арқылы біздің құндылығымыз бен бай мұрамыз ашыла түседі. Абай шығармаларындағы тыйым сөздер, жаңылтпаштар, жалпы романдағы әрбір кейіпкердің адамдарға беретін бағыт-бағдары бар. Абайды зерттеген сайын ішкі дүниең дами түседі. Абайтануды тек әдеби жағынан қарастыруға болмайды. Түбіне келгенде оны биологияда, физика, химия, математика пәндерінде талдауға да болады. Астанада 30 мектеп пен 25 балабақша менің бағдарламам бойынша оқып жатыр. Біздің мектептің бұл жөнінде атқарып жатқан жұмысы өте көп. Жалпы ақын шығармаларындағы серт беру, достық туралы бүгінгі өзекті тақырыптарды балаларға жеткізе білу керек. Мектепте абайтануды қалыптастыру үшін ғалымдар емес, мектептегі мұғалімдердің ішінен абайтанушы шығу керек. Себебі оқушыларға тек ғылыми тұрғыда Абай әлемімен танысу қиынға соғады. Оның барлық шығармасын жатқа білудің қажеті жоқ. Оның бір-екі ауыз сөзінің мағынасын түсінудің өзі үлкен нәтиже береді.
- Сіздің ақын екеніңіз белгілі. Туындыларыңызда Абай шығармашылығының әсері бар ма?
- Шыны керек, мен абайтануға дендеп кеткенім сондай - өзімнің шығармашылығымды ұмытып кеттім. Өлеңді сирек жазамын, бірақ менің өлеңдерім махаббат, көңілкүй, жалпы лирика бағытында жазылады. Бірақ кейінгі туындыларым қысқаша дастандардан тұрады. Мысалы, бұрын бала дүниеге келгенде оның кіндік тамырын үйдің босағасына немесе бабалардың зиратына көметін. Ал қазір оған мән бермей жүрміз. Сол туралы «Кіндік тамыр» деген дастаным бар. «Донор және тек» деген поэмамда қан тазалығы туралы сөз қозғадым. Біздің бабаларымыз кезінде қан тазалығына аса мән берген. Қазір оған назар аудармайды. «Құрсақсыз ана» және «Алтынның буы» деген шығармаларым бар. Қазір адамдар арасындағы бәсекелестік аштық немесе жоқшылықтан емес, дүниенің соңына түсуді ойлап кеткендіктен деп айтар едім. Осындай түрлі мәселелерді көтерген шығармаларым бар.
- Абайтану бойынша ғылыми еңбектеріңіз немесе жобаларыңыз туралы айтып өтсеңіз...
- Жақында ғана «Абай жолы» романының кейіпкерлері және Абай» деген тың жинағым жарық көрді. Онда «Абай жолы» романында қанша кейіпкер бар, қанша ру атаулары бар, қанша жер-су атаулары бар, тіпті жылқы атауларына дейін тізіп шықтым. Кезінде бұл туралы Семейде жүргенде баяндама жасағанмын. Соны тереңірек зерттеп, жинақ ретінде шығардым. Қазір ол үлкен сұранысқа ие, өйткені ол «Абай жолы» романымен қатар жүретін дүние. Одан кейін Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған хронология жаздым. Бұл тақырыпты да мұражайда қызмет атқарып жүргенде зерттеу тақырыбы ретінде алған едім. Соны зерттей келе 400 беттен асатын кітап болып шықты. Ол «Абай дәуіріндегі абайтану», «Кеңес дәуіріндегі абайтану», «Бүгінгі абайтану» деген 3 кезеңнен тұрады. Одан кейін «Абай хикаяттары» деген жинағым шықты. Жалпы Абай дүниесін зерттеуге ғұмырың жетпейді деп ойлаймын.
- Сіздің ойыңызша, қазіргі жастарды Абай іліміне қалай баулу керек?
- Қазіргі қоғам Абайды жан-жақты түсініп жүрген жоқ. Абайды тек атаулы даталарда еске түсіріп, іс-шаралар өткізіп жататынымыз жасырын емес. Абайды зерттеуге арналған тақырып көп, бірақ Абайды танымай жатыр. Ол зерттелген сайын түрлі бағытта ашылып жатыр. Қазіргі жастарға тек «Абайды оқыңдар» деп айту жеткіліксіз. Оның даналық сөздерін талдау анағұрлым ақынды тануға көмектеседі. Кезінде мен «Абай нұры» деген жастар клубын аштым. Жиналған жастар оның шығармаларын талдап, өз ойларын айтып отыратын. Осындай жастардың басын біріктіретін мәдени жиындар жиі өткізілуі керек. Жалпы Абай тек жастарға емес, барша адамзатқа керек. Ал менің мақсатым - жас ұрпақты Абайдың мұрасымен таныстырып, оның ілімін ұрпақ тәрбиесіне пайдалану. Абайтануға тек мектептегі қосымша пән ретінде қарамай, тұтас арнайы пән ретінде назар аударылғанын қалаймын.
- Сұхбатыңызға рақмет!


