«Абай туралы анимация, мультфильм түсірілсе»: белгілі абайтанушы Абай күнін атап өту туралы ойын айтты


Биыл Абайдың туғанына – 180 жыл. Осы орайда "Ақынның туған күні қалай аталып өту керек?" деген сауалды Elordainfo.kz абайтанушы Сұлтан Ыбырайға қойған болатын.
Ол Абай күнін тойлауға қатысты пікірін білдірді.
«Жалпы тойдың мақсаты қандай? Абайдың өзі «Сыр мен сымбат екі түрлі» дегеніндей, тойлау, тігілген үй, аламан бәйге - тек сыртқы көрініс, сымбат қана. «Сыртқа қасиет бітпейді», дейді тағы Абай. Сол тойларда әдеттегідей киіз үй тігіліп, ат шаптырып, айтыс ұйымдастырылады. Онымен жас ұрпақтың санасына Абайды сіңіре аламыз ба? «Абайды өскелең ұрпақ түсінетіндей деңгейде, шын асылын көрсете алатындай насихаттай алдық па, анимация, мультфильм, қысқаша ТikTok, Youtube сияқты желілерде бейне роликтер көптеп түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Яғни той тойлансын, бірақ форматы, мағынасы бөлек болып, өскелең ұрпақтың рухани пайдасына асатын ғибратты істермен есте қалса, сауабы мол болар еді», - деді спикер.
Абайтанушы Сұлтан Ыбырай Абайдың аудармашылық қырына қатысты айтты.
«Ақын тек қана қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, мықты аудармашы. Сол жазушылығымен қоса, жанынан ән шығарып, күй де қалған артында. Қарамола съезінде заң — «Ереже» жазған. Онда әйел теңдігі мәселесін көтерген. Абайдың ең басты еңбегі және оны өз шығармашылығымен халыққа жеткізе білгені, «ебін тауып, халқын жөнге салғаны» – ұлттың санасын оятып, сапасын өзгерткенінде жатыр. Сананың оянуы, сапаның өзгеруі – адамның дұрыс тәрбие көріп, мінез қалыптастыруымен келетінін түсіндіре білді ақын», - деді ғалым.
Ол Абайдың «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деп (25-қара сөз) жол көрсетіп, оқу-білім, өнер үйрену арқылы, басқалармен терезесі тең ел болуға, тәуелсіздікке шақырғанын жеткізді.
«Абайдың жол көрсетуі, өнегесі ұлттың санасын, сапасын өзгертіп, Алаш зиялыларының қалыптасуына тікелей әсер етті. Өнер-ғылым үйренген, білімді Алаш арыстары үкімет құрып, жаңа заманға сай тәуелсіз мемлекет орнатуға ұмтылып, елдің шекарасын заңдастырып бекемдеді», - деді ол.
Сұлтан Ыбырай – «Жарым адамнан – толық адамға» деген кітаптың авторы. Кітап – Абайдың 38-қара сөзі «Ғақлиат тасдиқатқа» жазылған комментарий.
«Иә, «Абай – мұхит» деп Мұхтар Әуезовтің өзі мойындаған, хакімнің бір қырын зерделей алсаң, оның өзі бір адамға өмір бойы рухани азық болмақшы. Ешқашан Абай шығармасы жайлы зерттеу кітап жазам деп ойлаған жоқпын. Бірақ рухани ортаға жақын болдым. Әкем Смағұл Ыбыраев журналист, газет редакторы болған адам, дүниеден өтерінде қалам ұстауды аманаттап кетті, екінші бір себеп - жазушылар Таласбек Әсемқұлов пен Дидар Амантаймен жақын араласып жүргенімнің ықпалы болар деп ойлаймын», - деді кейіпкеріміз.
Абайтанушы ақынның 38-қара сөзін «Ғақлиат тасдиқатты» («ҒТ») түсінуге деген ынта-талпыныс бұрыннан бар екенін жеткізді.
«Бірінші мақсат араб-парсыдан ажыратып, толық бүгінгі қазақ тіліне келтіру болатын. Ол үшін сол 203 араб-парсы сөзінің мағынасын қайта бір қарап шығып, түпнұсқа сөздерін қоса беріп тәржімелеуімізге тура келді. Мүрсейіттің көшірмесімен 1995 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдықтағы отыз сегізінші қара сөзді салыстыра отырып, өзіміздің түсінігімізді жазып шығу керек деген ой келді. Ішінде -«ҒТ-ның» жаңаша жасалған авторлық орысша, ағылшынша аудармалары мен «ҒТ» — адам және қоғамның кемелдікке жетуінің әмбебап заңы», «Махаббат пен ғадауат майданы», «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау», «Абайдың орысшылдығы жайында», «Абай мен миссионер Сергий», «Сегіз аяқ: Пайдасыз ақыл – байлаусыз тақыл», «Қырық бесінші қара сөз: махаббат пен ғадаләт» атты мақалалар мен «Алтын хакімнен коучинг» деген бөлім бар», - деді С. Ыбырай.
Осылайша ол Абайдың «толық адамы» кім деген сұраққа жауап іздеген.
«Бір қызығы Абайда «толық адамның» екі анықтамасы бар. Оны хакім ойының дамуы деп түсінемін. «Толық» деген анықтама мінезге байланысты айтылған. «ҒТ» — күрделі шығарма. Жазылу тәсілі, қолданылған терминдер, түсініктер дайындықсыз оқуға қиындық келтіреді. Бұл шығармада философиялық логика тәсілдері, психология, тәрбие негіздері мен дін де қамтылған. Қара сөздерде Абайдың ащы сұрақтарды көптеп қоюы оның сыни ойлау тәсілін жете меңгергенін байқатады», - деді спикер.
Сыни ойлау – адам өз ақыл-ойымен сырттан келіп түскен ақпаратқа күмәнмен қарай алу қабілеті.
«Сыни ойлау үлкен мағынасында – проблемалардың ішкі логикасына үңіле алатын, өзімшілдіксіз, әлеуметтік жіктеусіз шынайы зерттей алатын тұлғаның ой-пікірі, яғни тұлға өзін абстракциялы түрде қоғамнан ажыратып, сол қоғамдағы проблемаларға жоғарыдан, сырт көз болып қарай алу деңгейіне жетуі. Сыни ойлау ақиқатқа жету жолындағы кездесетін кедергілерден шынайылықпен өтуге көмектеседі. Кемеңгер ақын сол ащы сұрақтарды қоя отырып, берісі қазақ, әрісі бүкіл адамзат қоғамындағы проблемаларды анықтап, оның себеп-салдарын, ақиқаттың не екенін, қайдан іздеу керегін осы «Ғақлиат Тасдиқатта» анықтап берді, қоғамдағы қиындықтар адамның мінезінен (жарым адам – жартыкеш мінез) туындайтынына көз жеткізді, сондықтан да өзі бұл шығарманы «мінез жайындағы жәдігер» деп атады», - деді абайтанушы.
Кейіпкеріміз еліміздегі мектеп, балабақша бағдарламасына Абай көрсеткен «толық адам» тәрбиелеу әдістемесін енгізу қажеттігін айтты.
«Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», дейді Абай. Ол деп қана қоймайды, сол мінезді түзетудің жолын көрсетеді. Абайдың айтуынша, мінез дұрыс қалыптасуы үшін адамға жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы дос-жаран, орта керек. Ата-ана - тағдырдың жазуы, таңдай алмайсың, жақсы ұстаз бен ортаны таңдауға болады, бірақ олардың жақсы-жаманын оқу-ағарту жүйесі ажыратып беруі керек. Бұл - бір. Екінші - сол оқу-ағарту, мектептер жүйесі Абай айтқан «толық адамның» үш сипаты – әділет, ғылым мен мейірімді оқушының бойына оқу, тәрбие арқылы сіңіре білуі керек. Бұл үш сипатты бойына сіңірген адамнан зұлымдық, жамандық шықпайды, ол адам қоғамға, елге қызмет ететін көркем мінезге ие болады. Еліміздегі мектеп, балабақша бағдарламасына осы Абай көрсеткен «толық адам» тәрбиелеу әдістемесін енгізу «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М.Әуезовтің сөзін іске асырудың нақты жолы болмақшы. Көркем мінез –зайырлы қоғамның да, діннің де ең биік мақсаты», - деп сөзін түйіндеді Сұлтан Ыбырай.