Абайды Қазақстанның бренді ретінде таныстыру үшін жұмыс істейміз: «Абай академиясының» басшысы


Ақын, жазушы, қоғам қайраткері, рухани реформатор һәм ұлттық болмыстың үлгісі ғана емес, әлемдік мәдениеттің өкілі Абай мұрасын зерттеп-зерделеу ісі жалғасып жатыр. Ал Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мерейтойы қарсаңында бұл бағыттағы атқарылған нәтижелер сараланып, мақсатты жоспарлар діттеле түсетіні анық. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі Астанадағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к., доцент Жандос Әубәкірмен хакім Абайды жаңа ғылыми үдерістер негіздеріне сүйене зерттеп, бұрын еш жерде жарияланбаған сүбелі еңбектерді жарыққа шығарумен танылып келе жатқан академияның жұмысы туралы сұхбаттасты.
- «Абай академиясы» қандай мақсатпен құрылды? Ғылыми бағыты мен жетістіктері қандай? Жалпы, Абай феноменін қай жағынан зерттейді?
- 2019 жылы халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елордамыздағы Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды. «Абай академиясының» мақсаты мен бағыттарына тоқталар болсақ, хакім шығармашылығын қазіргі қоғаммен сабақтастыра зерттеу: гуманитаристика, психоанализ, герменевтика, мәтінтану, феноменология және когнитивтік бағыт сияқты жаңа ғылым салаларымен сабақтастықта зерттеу жүргізіп, тұжырымдар жасау мақсаты көзделген. Сонымен қатар Абайды ұлттық болмыстың үлгісі, рухани реформатор, әлемдік мәдениет тұлғасы ретінде қарастыру, Абай мұрасын тарихи-этнографиялық, саяси, басқару, экономикалық, тілдік, мәдени контексте зерделеу жүргізіліп келеді. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 5 жылда жаңа 90 ғылыми-танымдық еңбек жарық көрді. 2020-2024 жылдар аралығында түрлі кешенді жобалар мен 60-қа жуық арнайы басылымдар дайындалды. «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені, Абай шығармаларының аудио-визуалды қорлары дайындалды. Web of Science және Scopus базаларында мақалалар жарияланды.
Сонымен қатар «Абай академиясы» «Абай Құнанбайұлы және қазіргі қазақстандық қоғамның басымдықтары» бағыты бойынша әлеуметтанулық сауалнамалар жүргізген болатын. Қатысушылар әр жылдары 9500 және 9000 респондентті құрады. Социологиялық зерттеу жүргізу аумағы: ҚР барлық өңірлері – Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облысында қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.
Ұлы ақынның мұрасын ХХІ ғасырдағы Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына таныту мақсатында ақын шығармалары бойынша қырықтан артық кейс әзірленді.
- Ғылыми-зерттеу институтының басты жаңалығы неде?
- Бүгінгі таңда өзекті міндеттердің бірі Абай мұрасын ұлттың мәдени капитал ретінде насихаттау, сондықтан ұзақ мерзімді талдамалық және әлеуметтік зерттеулер жүргізу аса маңызды. Абай Құнанбайұлы – қазіргі қоғамдағы шығармашылығы толыққанды зерттеулер жүргізуді талап ететін стратегиялық маңызды зерттеу алаңы.
«Абай академиясының» жаңалығы Абай мұрасын заман талабына сай әдіс-тәсілдер негізінде жаңаша зерттеу, тың пайымдаулар жасау, нәтижелерін мультимедиялық форматта халыққа, оқырманға ұсыну, насихаттау және еліміздегі абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары мен ғалымдарды инситуттың төңірегіне топтастыра отырып, сүбелі тың зерттеулерді жарыққа шығару сияқты басты көрсеткіштермен ерекшеленеді.
Абайдың «Толық адам» ілімі бойынша бірнеше бағытта жаңа зерттеу жұмыстары ұсынылды. Атап айтар болсақ, Абайды тұлғатану тұрғысынан зерттеп, феномен ретінде ұсынған еңбек біздің академия зерттеулері аясында шықса, ақынның «Толық адам» ілімін психоанализ бағытында зерттеп, орталық ғалымдары тың тұжырымдар ұсынды. Бұл мәселелер өте өзекті, өйткені біз бас ақынымызды әлемге таныту үшін бүгінгі қоғамның ғылыми үдерісі негізінде жаһан қолданып жатқан зерттеу бағыттарына ойысуымыз маңызды. Сонымен қатар академия аясында Абай шығармашылығына қатысты әртүрлі бағытта көпсериялы бейнедәрістер түсірілді.
- Академиямен бірлесе еңбек ететін абайтанушы, ғалым, зерттеушілерден кімдерді атар едіңіз? Орталықта маман жетіспеушілігі бар ма?
- «Абай академиясы» құрылғаннан бері еліміздегі барлық абайтанушылармен, ғалымдармен ғана емес, алыс және жақын шетелдегі зерттеушілермен байланыс орнатып, академия аясында бірлескен жұмыс істеп келеді. Елімізге танымал Е.Сыдықов, Ж.Дәдебаев, Ж.Әбділдин, Ғ.Есім, Ш.Ыбырай, Т.Жұртбай, С.Негимов, Д.Ысқақұлы, Т.Шапай, Ж.Аймұхамбет, О.Жұбай, Ж.Шойынбет, Б.Қорғанбеков, Т.Қыдыр, Қ.Кемеңгер, А.Картаева, А.Кеңшілікұлы және т.б. зерттеушілеріміз өз үлесін қосып жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, 90 жаңа тың зерттеу еңбегін еліміздегі негізгі абайтанушылар мен зерттеуші-ғалымдарымыз арнайы 15 серия бағыты бойынша жазып шыққан еді. Сонымен қатар жас абайтанушылар мектебін қалыптастыру мақсатында соңғы уақытта тың зерттеулерімен көзге түскен жас ғалымдар мен абайтанушылар, докторанттар мен магистранттар да институт жұмысына тартылып жатыр.
Кадр жетіспеушілігі мәселесіне келсек, абайтанушы мамандарымыз жеткілікті болғанымен, бірақ кей салалар терең зерттеуді қажет ететіндіктен, парсы, шағатай, араб тілдерін білетін мамандар аса қажет.
- Басқа қандай ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істейсіздер? Шетелдік орталықтармен қандай іскерлік, шығармашылық байланыс орнатылған?
- «Абай академиясы» еліміздегі «Абай» орталықтарымен және шетелдегі «Абай» іскерлік үйлерімен жақын қарым-қатынаста. Абай күніне орай «Адамзаттың бәрін сүй "бауырым" деп... » атты халықаралық дәріс-концерт те өткізгенбіз. Оның басты мақсаты - Абай академиясының алыс-жақын шетелдегі абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының және қазақ мәдени-білім беру орталықтарын ғылыми тұрғыдан үйлестіру бойынша шетелдегі отандастарымызбен бірлескен жұмыстарды жалғастыру. Бұл Абайды өзіміздің елімізде ғана емес, әлем халықтарында насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыс.
2022 жылы Түркияның ірі қалаларының бірі Аланияда «Отандастар қоры» ұйымдастыруымен жетінші АBAI UII мәдени-іскерлік үйі салтанатты түрде ашылуына өзім қатысып қайттым. Стамбул қаласындағы АBAI UII мәдени-іскерлік үйінің жұмысымен танысып, Абай мұрасына арналған ғылыми кітаптарды сыйға тарттық. Ташкенттегі «Абай күндерінен» де «Абай академиясы» сырт қалған жоқ.
Біз бүгінде ABAI TV, 24KZ, басқа республикалық БАҚ-тармен жақсы байланыс орнаттық. Мәселен, ABAI TV арнасының «Абайдың жолы» бағдарламасына академияның барлық ғалымдары барып, теледәрістерде өз зерттеулері негізінде дәрістер оқып жатыр. Жыл сайын академия жанынан шыққан кітаптар мен жалпы Абайға қатысты жаңалықтарымызды республикалық басылымдар мен телеарналарда бөлісіп отырамыз. Академия қызметкерлері биыл ақын мерейтойына орай мемлекеттік және ұлттық компанияларға барып, Абай шығармашылығы мен абайтану бағыттары бойынша дөңгелек үстел мен кездесулерге қатысып, өз жұмыстарын кеңінен насихаттап жатыр. Ал халықаралық байланысқа келер болсақ, бүгінде Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институты (Өзбекстан), Қазан федералды университеті (Татарстан), әр елдегі АBAI UII мәдени-іскерлік үйлерімен байланыс орнатылып, ортақ шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы бағытта шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып, отандық және шетелдік ғылыми журналдарда 50-ге жуық мақала жарияланды.
- Қалың оқырман «Абай академиясындағы» материалдарға қол жеткізе ала ма? Жалпы, орталық қандай аудиторияға арналған?
- Абай академиясы жанынан шыққан барлық ғылыми-танымдық еңбектер мен мультимедиялық жобаларымыздың нәтижелерін интернет ресурстарынан алуға болады. Сонымен қатар ұлттық және республикалық кітапханаларға барлық кітаптарымыз таратылған. Сондықтан да Абайды оқимын, танимын деген адамға барлығы қолжетімді. Бейнедәрістерімізді де әлеуметтік желілерден көруге болады. Тағы баса айта кететін бір жайт, біздің академиядан шыққан кітаптардың барлығы соңғы зерттеу әдістері негізінде жазылған, бұрын ешқайда жарияланбаған тың зерттеулер. Сондықтан бұл материалдардың барлығы кейінгі зерттеушілер мен ізденушілерге, студенттерге, оқытушылар мен жалпы Абай мұрасын зерттеуші қауымға арналған құнды контент болмақ.
-Ал кітаптар, цифрлық контенттер қайда шығарылады? Оларды басып шығару, таратуда қаржылық қолдау жеткілікті ме?
- «Абай академиясы» жарыққа шығарған ғылыми-танымдық еңбектер Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қаржыландыруымен және Ғылым комитеті арқылы мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарылды.
Президенттің арнайы тапсырмасымен ашылған «Абай академиясы» осы бес жылдың ішінде ауқымды жұмыстар жасағанымен, қазіргі таңда қаржылық тұрыда қолдаудан айырылып отыр. Абайды зерттеу жекелеген жылдармен ғана шектеліп қалмауы керек екенін ескерсек, іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да мемлекеттік дәрежедегі жан-жақты қолдауды қажет етеді.
-Қазір академия қабырғасында Абайдың 180 жылдығына орай қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- 2025 жыл - ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аталып өтетін кез. Әрине, ауқымды жұмыстардың атқарылуымен ерекшеленетіні сөзсіз.
Мәселен, институт ғалымдарының бастамасымен абайтану саласының траекториясын ғылыми тұрғыдан зерделеуге, біріздендіру мәселесін шешуге арналған «Абайтану энциклопедиясын» әзірлеу жұмыстары басталды.
«Абайтану энциклопедиясын» құрастыру қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, тарихы мен философиясының дамуы үшін маңызды, себебі ұлттық болмыстың қалыптасуына негіз болған тұлғаның шығармашылық мұрасын зерттеп-зерделейді. Нәтижесінде энциклопедия Абайдың қазақ әдебиетінде және жалпы түркі әлемінде ерекше орын алатынын дәлелдейтін еңбектердің біріне айналады.
Әрі қазақ әдебиетінің іргелі саласы абайтану бойынша бүгінгі күнге дейін абайтанушылардың бір ізге түскен ғылыми энциклопедиясы әлі дайындалған жоқ. Сондықтан «Абайтану энциклопедиясын» дайындау – бүгінгі абайтану саласының өзекті мәселесінің бірі.
Сонымен қатар 180 жылдыққа орай ұлы ақын мұрасына арналған халықаралық конференциялар мен дөңгелек үстелдер, түрлі іс-шаралар өткізіліп, әр деңгейдегі оқу орындары мен мекемелерде дәрістер оқу, кездесулер ұйымдастырылады.
Ақынның асқақ арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ тәуелсіз Қазақстанның қазіргі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде кеңінен таныстыру бағытында «Абай академиясы» өз жұмысын әрі қарай да жан-жақты жалғастыра бермек. Бұл – біздің, бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы.
-Сұхбатыңызға үлкен рахмет!


