Елордада Astana Art Fair 2025 заманауи өнер көрме-жәрмеңкесі өтеді

Елордада 24-26 қазан аралығында Astana Art Fair халықаралық заманауи өнер көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Astana Art Fair мәдени бастамасы креативті экономика мен арт-нарықты дамытуға, сондай-ақ жастардың жаһандық идеялар мен көркемдік тәжірибелер алмасуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Биыл қалалық әкімдіктің қолдауымен Urpaq бірлестігі ұйымдастырған іс-шара «Болашақтың тамырлары»/ Future Roots/«Корни будущего» тақырыбында өтеді. Тақырып жаңа мәдени импульстар туатын және болашақтың бағдарлары қалыптасатын бастаулар идеясына жүгінеді.
Астана жаңа мағыналар мен контексттер құруға бағытталған жергілікті және жаһандық бастамалардың жаңа мәдени хабына айналуы мүмкін.
Галереяға қатысушылар қатарында Орталық Азия, Ресей және Қытай елдерінің танымал авторлары мен жаңа есімдері бар, олар сарапшылар таңдаған 200-ден астам туындыларын ұсынады. Оның ішінде кескіндеме, инсталляциялар, NFT және арт-видеолар бар.
Балалар мен ересектерге арналған дәрістер қамтылған көпшілік бағдарламаны Валерия Ибраева, Нелли Шиврина, Юлия Сорокина, Әсел Ахметжанова, Christianna Bonin, Нормурод Негматов өнер саласының жетекші сарапшылары ұсынған.
Сондай-ақ британдық жоғары дизайн мектебінің оқытушысы Галина Кобзеваның эксперименттік акварель кескіндемесі бойынша воркшоптар сериясы өтеді.
Анвар Мүсірепов, Ардақ Мұқанова, Мансұр Смағамбетов, Наталья Андакулова, Валентина Кузина, Анастасия Волкова, Альбина Закируллина және басқалардың қатысуымен паблик және артист-толк, яғни шығармашылық кездесу өтеді.
Іс-шарада инклюзия мен қолжетімділікке ерекше назар аударылады: мүмкіндігі шектеулі келушілерге, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған қонақтарға жағдай жасалады.
«Astana Art Fair коллекционерлердің, жас және танымал суретшілердің кездесіп, көзқарастарымен бөлісе алатын, өз жұмыстарын халықаралық алаңда ұсына алатын және кәсіби байланыстар орнатуына мүмкіндік беретін платформа болады деген үміттенеміз.
Жалпы жұртшылық үшін аталған іс-шара заманауи өнер әлемімен жақынырақ танысуға, жаңа есімдер ашуға және өзіңізге ұнайтын жұмыстарды сатып алуға болатын орын болмақ», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.



