25 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз ету: Жетісу облысында каналдар реконструкцияланып жатыр

Бүгін, 19:01
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views63
25 мың гектар егістікті сумен қамтамасыз ету: Жетісу облысында каналдар реконструкцияланып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде өңірдің су шаруашылығы нысандарының жұмысымен және бірқатар ірі жобаның іске асу барысымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Көксу ауданында ведомство басшысы Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ирригациялық және дренаждық жүйелерді реконструкциялау жобасын тексерді. Оның бірінші кезеңінде жалпы ұзындығы 108,7 шақырым болатын 9 канал жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.

Жобаның екінші кезеңінде тағы 157,8 шақырым канал реконструкцияланады. Барлық жұмыс аяқталған соң Көксу ауданындағы суармалы жер көлемі 13,6 мың гектарға ұлғаймақ.

Министрліктің мәліметінше, Ақсу ауданында каналдарды бетондау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде жобаның 75 пайызы орындалған. Толық аяқтау келесі жылға жоспарланған. Каналдарды бетондау нәтижесінде 11 мың гектар жерге тұрақты су жеткізіледі. Нұржан Нұржігітов жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Жетісу облысында іске асырылып жатқан жобалар өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға, яғни суармалы жерлердің көлемін көбейтуге бағытталған. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр және уақытында аяқталуы керек. Біздің министрлік ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар мен гранттық қаражатты белсенді тартып отыр. Енді осы бастамаларды соңына дейін жеткізу қажет. Аграрлық секторды сапалы әрі уақтылы сумен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміздің бірі», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Биыл қыркүйек айында Ақсу ауданында күрделі реконструкциядан кейін Қызылағаш су қоймасы пайдалануға берілген. Бұған дейін нысанда бөгет пен магистральдық канал жөнделіп, су алу және су жіберу жүйелері жөнделіп, автоматтандырылған және ескерту жүйесі орнатылған. Соңғы үш жылда Қызылағаш су қоймасы сынақ режимде жұмыс істеп, біртіндеп су жинады.

Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті Қызылағаш массивін салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба Ақсу ауданындағы суармалы жер көлемін 4 500 гектарға арттыруға мүмкіндік береді.