ІІМ үздік әлеуметтік бейнероликке байқау жариялады

Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттерін интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған республикалық бейнебайқауға қатысуға шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Байқаудың мақсаты – онлайн-алаяқтық мәселесіне жастардың назарын аудару және киберқауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.
«Әрбір интернет қолданушысы өзінің желідегі әрекеттерінің маңыздылығын түсінуі тиіс. Кибергигиенаның қарапайым ережелерін білу және оларды сақтау өзіңізді және жақындарыңызды қылмыстық әрекеттерден қорғауға көмектеседі.
Байқауға жеке немесе шығармашылық топ құрамында қатысуға болады», - делінген хабарламада.
Қатысушыларға ұзақтығы екі минуттан аспайтын, MP4 форматындағы (көлденең немесе тік) бейнеролик түсіру ұсынылады. Видеоматериалдар авторлық құқықты бұзбауы керек. Сондай-ақ онда зорлық-зомбылық көріністері мен бейәдеп сөздер болмауы тиіс. Негізгі назар киберқауіпсіздік, алаяқтықтың алдын алу және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық үлгілерін насихаттауға аударылуы қажет.
Бейнеролик тақырыптары:
- маркетплейстер мен әлеуметтік желілердегі алаяқтарды анықтау жолдары;
- алаяқтықтың жиі кездесетін схемалары және олардан қорғану әдістері;
- жеке деректерді қорғау ережелері;
- үшінші тұлғалардың өтінішімен ақша аударудың қауіптілігі;
- банк карталарын басқа адамдарға берудің салдары;
- жалған ұтыс ойындары мен инвестициялық схемаларды әшкерелеу;
- интернеттегі сөйлесулерде сыни ойлаудың маңыздылығы;
- интернет-алаяқтардың құрбандарының шынайы оқиғалары;
- фишингтік шабуылдар мен өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстыратын жалған қоңыраулардың негізгі белгілері.
Қатысу үшін ІІМ және ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің Instagram және TikTok-тағы ресми парақшаларына жазылу керек. Одан соң өз парақшаңызда бейнероликті #Заңментәртіп, #СенбеТексер, #cybercrimekz хэштегтерімен жариялау қажет. Direct-ке «Алаяқтарды тоқтатайық» деген хабарлама жолдау қажет.
Бейнероликтерді қабылдау және жариялау 10-30 қазан аралығында жүргізіледі.
Жеңімпаздар тақырыпқа сәйкестік, креативтілік, орындалу сапасы, сондай-ақ қаралымдар мен «ұнату» белгілерінің саны бойынша анықталады.
Жеңімпаздарды марапаттау 5 қарашада ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің Instagram парақшасында тікелей эфирде өтеді.
Ең үздік бейнероликтер ведомствоның ресми ресурстарында жарияланып, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағартушылық науқандарда қолданылады.