2,3 мың адам арнайы орталықтарда өздерінің біліктілігін растады

Бүгін, 13:58
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views46
2,3 мың адам арнайы орталықтарда өздерінің біліктілігін растады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жыл басынан бері 2,3 мың адам кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту мүмкіндігін пайдаланды. Бұл рәсім ресми емес және информалды білім беру арқылы алынған білім мен дағдыларды растап, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Біліктілікті тану кәсіби стандарттарға негізделіп жүзеге асырылады және үміткердің нақты кәсіпке қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта кәсіптік біліктілікті тануға арналған Кәсіптер тізілімі мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескеріле отырып, экономика салалары бойынша іріктелген 749 кәсіпті қамтиды. Соның ішінде 134 кәсіп бойынша біліктілікті тану міндетті түрде жүзеге асырылады, ал 615 кәсіп бойынша – ерікті негізде өткізіледі.

Ерікті түрде біліктілікті тануға өтініштер Ұлттық біліктілік жүйесінің Career Enbek цифрлық платформасында рәсімделеді. Сондай-ақ осы платформада кәсіптік біліктілікті тану орталықтарының бірін таңдап, рәсімнен өтуге болады.

«Бүгінгі таңда Career Enbek платформасында ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм, қонақ үй бизнесі және басқа да салалар бойынша 63 кәсіпті (ерікті түрде расталатын) қамтитын 9 тану орталығы аккредиттелген.

Жұмыссыз азаматтарға кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өту мүмкіндігі беріледі. Ол үшін үміткер Career Enbek платформасында тізілімнен бір кәсіпті және қолайлы тану орталығын таңдап, өтініш беруі қажет. Оң шешім қабылданған жағдайда үміткердің жеке кабинетінде 45 күнтізбелік күн ішінде қолдануға болатын электрондық ваучер пайда болады.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік біліктілікті тану орталығының желісін кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін Eurasian Resources Group компаниясымен бірлесіп, халықаралық стандарттарға негізделген және тиісті тану рәсімдерін енгізуді көздейтін 3 орталықты Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында ашу жоспарлануда», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану орталықтарын 10 бірқатар ірі компаниялармен және қауымдастықтардың базасына енгізу мақсатында («Allur», «Qaz Textile Industry», «Qarmet», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомПром», «Қазақмыс», «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы», KazGROW, HR сертификаттау орталығы және т.б. секілді) машина жасау, энергетика, металлургия, көлік және логистика, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жаңа орталықтардың құрылуы ресми емес және информалды білім беру арқылы алынған біліктіліктерді объективті бағалауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыскерлердің дағдыларының жұмыс берушілердің талабына сай екендігін, соның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін растауға мүмкіндік береді және олардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.