Қазақстан мен Түркия теннис саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Түркия теннис федерациялары теннисті дамыту саласында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Құжатқа ҚТФ президенті Болат Өтемұратов пен ТТФ президенті Шафак Мюдеррисгил қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Келісімде қос тараптың теннисті ұлттық және халықаралық деңгейде бірлесіп ілгерілетуге, сондай-ақ тәжірибе және спортты дамытудың негізгі бағыттарында озық машықпен алмасуға ұмтылысы көрініс тапқан.
Қазақстан мен Түркия мынадай салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырумен айналысатын болады: спортшылар мен бапкерлерді әзірлеу (бірлескен жаттығу жиындары, бапкерлермен алмасу және сарапшылардың ұлттық семинарлар мен конференцияларға қатысуы), жастарды қолдау (жас теннисшілерді даярлаудың табысты үлгілерімен алмасу, бірлескен турнирлерді ұйымдастыру), турнирлер өткізу (ATP, WTA және ITF турнирлерін қосқанда, кәсіби және жастар жарыстары), білім беру және қазылық жасау (бапкерлер үшін оқу бағдарламаларын бірлесіп жасау, халықаралық тәжірибе алу үшін төрешілермен және басқа ресми адамдармен алмасу), инфрақұрылымды дамыту және инклюзивтік бағдарламалар.
Атап өту керек, Қазақстан мен Түркия әлемдік теннис қауымдастығында тұрақты түрде дамып келеді. Қос федерацияның ынтымақтастығы тәжірибе алмасу, жас таланттарды ашу және Қазақстан үшін де, Түркия үшін де әлемдік теннисте халықаралық ықпалды кеңейту үшін негіз болмақ.