«Орта державалар» рөлі артып келеді»: Астанада халықаралық форум өтті

Тұрақтылықты, бейбітшілікті және тұрақты дамуды қолдаудағы «орта державалар» рөлі артып келеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев «Поляризациядан серіктестікке: халықаралық жүйеге сенімді қалпына келтіру» тақырыбында өткен Astana Think Tank Forum 2025 халықаралық форумында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жол тоғысындағы көпжақтылық: бөлінген әлемде жаһандық басқаруды реформалау» атты бірінші сессияда сөйлеген сөзінде Ержан Ашықбаев халықаралық поляризацияның күшеюі жағдайында «сындарлы консенсус» құру және көпжақтылықты нығайту қажеттігін атап өтіп, тұрақтылықты, бейбітшілікті және тұрақты дамуды қолдаудағы «орта державалар» рөлінің артып келе жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудың, аймақтық ынтымақтастық форматтарын нығайтудың және жасанды интеллектті реттеуге жауапкершілікпен қарауға ықпал етудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және Орталық Азиядағы трансконтиненталдық байланысты нығайту жөніндегі күш-жігеріне ерекше назар аударды.
Осы тұрғыда Ержан Ашықбаев Қазақстан Еуразия аясындағы өзара тиімді байланыстарды дамытуға және Орталық Азия елдері мен олардың сыртқы серіктестері арасында мүдделер синергиясын құруға негізделген аймақтың одан әрі дамуының пайымдауын дәйекті түрде нығайтып жатқанын айтты.
Айта кетсек, ATTF халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған беделді сараптама алаңы болып саналады. Астанада үшінші рет өткізіліп отырған форум 20 елден 40-қа жуық халықаралық сарапшының, жетекші сараптама орталықтары басшыларының, зерттеушілердің басын қосты.



