Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі тағайындалды

Бүгін, 09:07
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views44
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі тағайындалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Мағжан Жанботаұлы Ілиясов Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Исландиядағы, Ирландиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды, - делінген хабарламада.

Мағжан Ілиясов 1974 жылы 26 тамызда Алматы қаласында туған.

1996 жылы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін және Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Дипломатиялық қызметін 1996 жылы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ұйымдар мен халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының референті ретінде бастап, кейіннен атташе лауазымында жалғастырды. 1998-1999 жылдары ҚР СІМ БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының үшінші, екінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1999 жылдан 2003 жылға дейін ҚР Президенті Әкімшілігі протокол қызметінің консультанты болып жұмыс істеді. Одан кейін 2003-2005 жылдары ҚР Президенті Кеңсесінің Ұйымдастыру және құжаттамалық қамтамасыз ету тобының бас сарапшысы болды. 2005-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында жұмыс істеді, онда бас сарапшыдан Орталық меңгерушісі лауазымына дейін жетті. 2013-2016 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі – ҚР Президенті Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болды. 2016-2020 жылдары Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі және Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы ҚР Тұрақты өкілінің қызметін қоса атқарушы болды. 2020-2022 жылдары Нью-Йоркте Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі болды.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі болып тағайындалғанға дейін 2022 жылдан бастап Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі, сондай-ақ Ирландиядағы және Исландиядағы елшісі қызметін қоса атқарған.

Төтенше және Өкілетті елші дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын және неміс тілдерін меңгерген.