АИТВ туралы ашық сөйлесейік – эпидемиолог

АИТВ инфекциясы тиімді профилактикаға, диагностикаға, емдеу мен күтімге қол жеткізудің кеңеюінің арқасында созылмалы аурулар санатына ауысты. Дегенмен бірқатар себептерге байланысты бұл ауру қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі жаһандық проблемасы болып қалып отыр.
АИТВ-инфекциясын толық емдейтін және ағзадан вирусты кетіретін құралдар жоқ. Дегенмен тиімді алдын-алуы мен іс-шаралар бар: инфекцияның анадан балаға берілуінің профилактикасы, есірткі қабылдаудан болатын зиянды азайту шаралары, байланысқа дейінгі және кейінгі профилактика, мүшеқаптарды пайдалану және АИТВ-ның алдын алудағы ең негізі – антиретровирусты терапия (АРТ), оның көмегімен адамның иммун тапшылығы вирусын бақылауға және оның басқа адамдарға берілуін болдырмауға болады.
АИТВ-инфекциясының алдын алудың маңызды құралы – халықтың әртүрлі топтары арасында ақпараттық жұмыс. Егер әрқайсымыз өзімізден бастап, АИТВ-ның алдын алуы бойынша жеке шараларды үнемі орындасақ, ақпарат тиімді болатынын атап өткен жөн. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша АИТВ инфекциясының 89,6 % жыныстық қатынас жолы арқылы жұқтырылған, оның жартысынан көбі бұрын АИТВ-ға тексерілмеген.
АИТВ-инфекциясының басқа аурулардан ерекшелендіретін клиникалық белгілері жоқ. Аурудың басталуында АИТВ-инфекциясы мүлдем көрінбеуі немесе жедел респираторлық вирустық инфекция сияқты жүруі мүмкін, нәтижесінде адам организмінде АИТВ бар екенін білмей, басқалар үшін инфекция көзі болуы мүмкін. Адамның АИТВ жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын тек қана зертханалық зерттеу арқылы, қан үлгісін тапсыру арқылы анықтауға болады. Сондықтан егер сіздің өміріңізде қауіп факторлары болса, АИТВ-ға тестілеуден өту қажет. Өз АИТВ мәртебеңізді білу – АИТВ-ның алдын алу принциптерінің бірі және денсаулықты сақтау жолындағы маңызды қадам. АИТВ инфекциясының ерте кезеңдерінде емделуге қол жеткізу үшін АИТВ-ға уақтылы тестілеу өте маңызды.
АИТВ-ның адамнан адамға қалай берілетінін және қандай қауіп факторлар инфекцияға әкелуі мүмкін екенін жақсы түсіну үшін вирустың сипаттары мен АИТВ-ның берілу жолдары туралы білу жеткілікті. Адамның иммун тапшылығы вирусы негізінен қан жасушаларында (лимфоциттер) өмір сүреді және көбейеді. Вирус адам қанында көбейіп, иммундық жасушалардың қызметін бұзады және әлсіретеді, біздің қорғаныш жасушаларымыздың саны бірте-бірте азаяды, егер вирусқа қарсы емдеуді қоса алғанда, шаралар қабылданбаса, иммун тапшылығы туындайды. Иммундық тапшылық АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасындағы өлімнің негізгі себептері болатын инфекциялардың, қатерлі ісіктердің және басқа да аурулардың кең ауқымына бейімділіктің жоғарылауына әкеледі.
АИТВ үш жолмен беріледі: қан арқылы, жыныстық қатынас және дертті жұқтырған анадан балаға. Адам ағзасындағы вирус көбінесе қанда, сперматозоидтарда және вагинальды секрецияларда кездеседі. Парентеральды немесе қан арқылы жұғу көбінесе инъекциялық есірткіні қабылдайтын адамдарда кездеседі. АИТВ-инфекциясы шприцтер мен инелерді инъекциялық препараттар үшін ортақ пайдаланған кезде пайда болады; тіпті кездейсоқ, ортақ шприцті бір рет пайдалану инфекцияның өте жоғары қаупін тудырады.
Жыныстық жолмен инфекция қорғалмаған жыныстық қатынастың барлық түрлері арқылы, яғни презервативсіз жұғуы мүмкін. Вирус шәует пен вагинальды секрецияда көп мөлшерде болғандықтан, АИТВ инфекциясы бір рет жыныстық қатынастан кейін де пайда болуы мүмкін. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың болуы АИТВ-ның жұқтыру қаупін 2-3 есе арттырады.
АИТВ жұқтырған жүкті әйелден балаға жүктілік, босану және емізу кезінде берілуі мүмкін. Сондықтан балалы болуды жоспарлаған әрбір әйел жүктілік кезінде екі рет АИТВ-ға тексерілу керек, осылайша оң нәтиже болған жағдайда профилактикалық емдеуді дер кезінде бастауға болады, сонымен қатар босану тактикасы мен жаңа туған нәрестені бақылауды таңдауға болады. Сонымен қатар әйелдің жыныстық серіктесі үшін барлық алдын алу ережелерін сақтау және АИТВ-ға тестілеуден өту өте маңызды. Сондықтан жүкті әйелге жыныстық серіктесімен бірге АИТВ-ға тест тапсыру ұсынылады.
АИТВ қол алысу және құшақтау сияқты қалыпты қарым-қатынас арқылы, ыдыс-аяқ пен басқа заттарды ортақ пайдалану, тамақты тұтыну арқылы жұқпайды. АИТВ-инфекциясын емдеудің бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар, ең алдымен емделушіден тәртіпті және препараттарды қабылдау режимін сақтауды талап етеді, өйткені емдеуді тоқтатуға болмайды. Емдеу үшін қолданылатын антиретровирустық препараттар адам ағзасынан вирусты толығымен жоя алмайды, бірақ оның қандағы көбеюін тежейді және адамның иммундық жүйесін нығайтуға көмектеседі, сондай-ақ инфекциялармен күресу қабілетін қалпына келтіруге және сәйкесінше ауруды бақылауға мүмкіндік береді. Антиретровирустық терапия медицинадағы нағыз жетістікке айналды және бүкіл әлем бойынша 15 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалды. Сіз өзіңізді жақсы сезінсеңіз және ауру белгілері болмаса да, антиретровирустық терапияны тоқтатуға болмайды. Терапияның ерте басталуы АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасында АИТВ-мен байланысты асқынулардың жиілігін және өлім-жітімді азайтады.
Қорытындылай келе, АИТВ-инфекциясының алдын алу үшін ережелерді еске салғым келеді:
-кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тарту;
- есірткі пайдаланудан бас тарту;
- АИТВ статусын білетін серіктеске адал болу;
- серіктесіңіздің АИТВ статусын білмесеңіз, мүшеқапты қолданыңыз;
- презервативтерді дұрыс және дәйекті қолдану инфекция қаупін айтарлықтай төмендетеді;
- АИТВ-ға тұрақты тестілеуден өту.
Сізге АИТВ бойынша кеңес қажет болса Астана қаласы, Есенберлин көшесі 5/1 келіңіз, 38-07-02, 38-04-64 сенім телефондары арқылы хабарласыңыз, біздің сайтымыз: https://www.kazaids.kz/
Астана қаласы әкімдігінің
«АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы»
дәрігер эпидемиологы, Бекетова Ж.К.



