«Сынып жетекшілікке 85 мың теңге»: белгілі ұстаз министрге үндеу жолдады

Белгілі ұстаз Азамат Сәмбетқұлов сынып жетекшіліредің атқаратын жұмысы мен алатын еңбекақысы сай емес екенін айтып, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ашық үндеу жолдады.
"Құрметті министр ханым! Сынып жетекшілеріне төленетін жалақыны елдегі ең төменгі жалақы мөлшеріне – шамамен 85 мың теңгеге теңестіріп, бұл қызметті жеке штат ретінде қарастыруды сұраймын. Себебі сынып жетекшілері айына 4-5 рет сынып сағатын өткізеді. Әр сағаттың құнын орта есеппен 5 мың теңге деп алсақ, ең кемі 20-25 мың теңге көлемінде ақы алуы керек", – дейді Азамат Сәмбетқұлов.
Сонымен қатар ол сынып жетекшілерден талап етілетін құжаттарға қатысты бірыңғай нұсқаулық бекітуді де ұсынды.
"Әр тексеру сайын түрлі құжаттар сұралады. Бұл мұғалімдердің уақытын алып, жүйкесін қажытады. Ал сынып жетекшісі өз сыныбындағы әр оқушының тағдырына, тәрбиесіне жауапты екенін ұмытпауымыз керек. Ол сол үшін жеке уақыты мен отбасына арналған уақытын да сарп етеді", – деп атап өтті ұстаз.



