Алматыдағы базарлардың бірінде белгілі тауар белгісінің атын жамылған контрафактілік өнімдер тәркіленді

Алматыдағы базарлардың бірінде ірі көлемде Apple тауар белгісінің атын жамылған контрафактілік өнімдер тәркіленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 16-19 қыркүйек аралығында Алматы қаласында Әділет және Ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері контрафакті өнімдерін анықтау бойынша іс-шаралар өткізген.
Іс-шара барысында «Байсат» көтерме-бөлшек сауда базарының аумағында Apple тауар белгісімен ірі контрафактілік өнім партиясын сату дерегі анықталған.
«Жеке кәсіпкер өңірлерге ұялы телефондардың (қуаттағыш құрылғылар, кабельдер, құлаққаптар, адаптерлер және т.б.) контрафактілік аксессуарларын көтерме бағамен сатқаны анықталды. Осы факті бойынша «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстінің» 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Шамамен 2 млн теңге сомасына 1,5 мың дана өнім тәркіленді», - делінген хабарламада.
Осыған ұқсас факт «Байсат» көтерме-бөлшек сауда базарының жанында орналасқан қойма үй-жайында анықталған.
Жеке кәсіпкерге қатысты ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Шамамен 3 млн теңге сомасына екі мыңнан астам жалған өнім тәркіленген.
Қазіргі уақытта барлық материал сотқа жіберілген.



