Қазақстан футболының 90%-ы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады

2025 жылғы 19 қыркүйекте «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы матчын өткізді, аталған оқиға қазақстандық футбол тарихында маңызды оқиға болды. Өйткені бұл футбол клубы еліміздегі басқа футбол клубтары сияқты мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылмайтын, жекеменшіктегі санаулы клубтардың бірі болып табылады, деп хабарлады Elordainfo.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында футбол клубтарын жекешелендірудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстандағы футболды дамыту үшін оны жекешелендіру үдерісін жалғастыру қажеттігін айтты. Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде төрт футбол клубы жекешелендірілген. Бұл клубтар жаңа басқару үлгісінің арқасында жақсы табыс әкеліп отыр. Cпорттағы мұндай қадамдар футболдың сапасын арттыруға, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жанкүйерлердің қызығушылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы футболды әрі қарай да кәсібилендіру, жеке инвестиция тарту және клубтарды табысты басқару жүйесіне көшіру Қазақстан спортының дамуына серпін беретінін айтты.
Жалпы, қазақстандық футболды жеке қаржыландырудың болмауы саланың негізгі проблемаларының бірі болып қала береді. Соңғы мәліметтер бойынша (2022 жылы) елдегі футбол 90% мемлекет есебінен қаржыландырылады. Бұл ретте ресурстар негізінен күнтізбелік түрде, қандай да бір нәтижелерге, тиімділік көрсеткіштеріне немесе өзге де көрсеткіштерге байланыстырылмай-ақ бөлінеді.
Бұл тәсілдің көптеген тиімсіз тұстары да бар. Мәселен, бұл жастарды дамытуға инвестиция салуға уәждеменің болмауы; «ұзақ» жүйелі жұмыстың болмауы; басқару сапасының төмендеуі; жанкүйерлермен жұмыс істеудің болмауы; футбол бизнесінің тартымдылығының жалпы төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Олар басқарудың тиімділігін арттыруға және ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған. Мәселен, бюджет есебінен кәсіби клубтарды ұстауға лимит енгізілді; Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ спортшыларды бюджеттік қаржыландыруға тыйым салынды; «басым спорт түрлері» ұғымы нақтыланды, өңірлік тізбе бекітілді.
Сондай-ақ кәсіптік футболға бизнесті тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Төрт клуб бойынша инвесторлармен алдын ала келіссөздер жүргізілді: «Қызыл-Жар» ФК — «ЦАТЭК»; «Шахтер» ФК – «Фридом Финанс» (стадион мен академия құрылысы); «Жеңіс» ФК-Kaspi Group (инфрақұрылымды сатып алу және салу); «Қайсар» ФК-TAU GROUP LTD.
Инфрақұрылымды жаңартуға және клубтарды жеке қаржыландыруға көшуге бағытталған 2025-2030 жылдарға арналған футболды дамыту стратегиясының жобасы әзірленді.