Астанада экологиялық айлық өтіп жатыр

Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды акция аясында дәстүрлі экологиялық айлық 11 қазанға дейін болады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Экоайлық аясында елордада сенбілік ұйымдастырылды. Оған 20 мыңнан астам тұрғын қатысты.
Сенбілік барысында Астанада ауқымды жұмыс атқарылды: 15 мыңнан астам аула тазартылды, 77 саябақ пен скверде тазалық жұмыстары жүргізілді, 15 тарихи-мәдени мұра нысаны ретке келтірілді, шамамен 1 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар тас төсеніштер мен тротуарлар жөнделіп, 800-ден астам ағаш отырғызылды. 195 әлеуметтік нысанда – мектептерде, балабақшаларда, спорттық және медициналық мекемелерде, әлеуметтік қорғау нысандарында және 1 355 өнеркәсіптік әрі бизнес нысандарында тазалау жұмыстары жасалды.
Экоакция аясында қалада санитарлық тазарту, нөсер және арық желілерін жуу, көшелер мен тротуарларды, аула аумақтарын тазалау жұмыстары жасалды. Сондай-ақ аулаларды абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңдарын орнату, қоғамдық кеңістіктерде кеспетастар, жиектастар мен шағын сәулеттік нысандарды қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.
Сонымен бірге жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды тазарту, рұқсатсыз қоқыс орындарын жою және өзге де маусымдық агротехникалық жұмыстар жалғасып жатыр.
Экоакцияның негізгі мақсаты – қала көшелеріндегі тазалықты сақтауға қоғамның назарын аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.