Air Astana танымал туристік бағыттар бойынша рейстер саны көбейетінін хабарлады

2 қазан, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views57
Air Astana танымал туристік бағыттар бойынша рейстер саны көбейетінін хабарлады
фото: Оңалхан Өнерхан

Air Astana әуекомпаниясы күзгі маусымда ұшу географиясын кеңейтетінін, кейбір бағыттар бойынша рейстер саны артатынын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Әуекомпаниясының мәліметінше, қыркүйек айынан бастап Алматы – Жидда бағыты бойынша аптасына 2 рет, Шымкент – Жидда бағыты бойынша аптасына 1 рет рейстер қатынайды.

Қазан айының соңынан бастап Алматы – Мәдина бағыты бойынша аптасына 2 рет, Шымкент – Мәдина бағыты бойынша аптасына 1 рет, Астана – Жидда және Астана – Мәдина бағыттары бойынша рейстер екі аптада бір реттен кезектесіп орындалады.

Сондай-ақ Ақтау – Жидда және Ақтау – Мәдина бағыттары да екі аптада бір реттен кезектесіп орындалады.

«Бұл рейстер қазақстандық жолаушыларға қажылық сапарларын ыңғайлырақ жоспарлауға, сондай-ақ іскерлік және туристік сапарларға қосымша мүмкіндік беруге жол ашады», - дейді компания өкілдері.

Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясына виза алу қажет, ол онлайн түрде мына сайт арқылы рәсімделеді.

Сонымен қатар қазан айының соңынан бастап қазақстандықтарға визасыз баруға болатын курорттық бағыттар бойынша рейстер қайта іске қосылады:

Алматы – Мале (Мальдив аралдары) аптасына 3 рет, ал Жаңа жыл мен Наурыз мерекесі қарсаңында сұраныстың жоғары болуына байланысты аптасына 5 ретке дейін.

Алматы – Фукуок (Вьетнам) аптасына 5 рет, желтоқсаннан бастап аптасына 7 ретке дейін.

Астана – Фукуок аптасына 3 рет.

Бұдан бөлек, Air Astana қазан айының соңынан бастап танымал туристік бағыттар бойынша рейстер санын арттырады:

Алматы – Дубай: аптасына 7 рейстен 12 рейске дейін.

Астана – Дубай: аптасына 7 рейстен 10 рейске дейін.

Алматы – Бангкок: аптасына 4 рейстен 7 рейске дейін.

Алматы – Пхукет: аптасына 4 рейстен 7 рейске дейін.

Барлық жаңа рейс отын тиімділігі жоғары, ұшу қашықтығы арттырылған және жолаушыларға жайлылығы жақсартылған заманауи Airbus A320neo және A321LR әуе кемелерімен орындалады.