Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок баспасөз брифингін өткізді

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан президенттері БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты.
Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйокқа шынайы ризашылығын білдірді.
«Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа Одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы елшілігін Будапешт қаласында ашқан болатын. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары – осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеулі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары Мәртебелі Президент Тамаш Шуйокты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды», – деді Қазақстан Президенті.
Президент Тамаш Шуйокпен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескенін жеткізді
Тараптар сауда-экономика саласындағы байланысты дамыта түсу қажет екеніне баса назар аударған.
«Былтыр екі елдің алыс-берісі 200 миллион доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 385 миллион доллардан астам инвестиция салды. MOL компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде UBM Group, Gedeon Richter, Globalia сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Осы ретте, энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастығымызды арттыруға уағдаластық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілген.
«Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті мажар компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткіздім. Екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және Іскерлік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі қажет деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы деп атады
«Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім-ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазіргі таңда мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Мажарстан Үкіметіне зор алғыс айтамын. Біз осы елдегі жоғары оқу орындарымен ықпалдастығымызды одан әрі дамытуға дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Президент Тамаш Шуйокпен аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасқанын айтып, әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, түрлі қақтығыстардың көбеюі екі елді де алаңдататынына тоқталды.
Тараптар барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санайды.
Осы ретте президенттер халықаралық деңгейде бір-біріне қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге келісті.
«Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр. Өзара тиімді ықпалдастығымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін. Қол жеткізген барлық келісімдер ойдағыдай орындалатынына күмәнім жоқ. Бауырлас халықтарымыздың ынтымағы берік болсын. Елдеріміз өсіп-өркендей берсін!» – деді Қазақстан Президенті.
Мажарстан Президенті елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті
«Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін», – деді Тамаш Шуйок.



