Астанада 11 қазанда жалпықалалық сенбілік өтеді

Бүгін, 11:01
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views67
Астанада 11 қазанда жалпықалалық сенбілік өтеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында елордада 11 қазан күні кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара барысында қала аумағы қоқыстан тазартылып, саябақтар мен гүлзарлар, аулалар және сауда, қоғамдық тамақтану нысандарының маңайы ретке келтіріледі. Сонымен қатар елорданың алты ауданында ағаш отырғызу жұмысы жүргізіледі.

Әкімдік кәсіпорындар мен ұйымдарды, тұрғын үй иелері бірлестіктерін (МИБ, ПИК), шағын және орта бизнес өкілдерін, еріктілер мен белсенді қала тұрғындарын сенбілікке қатысуға шақырады.

Экоакцияның басты мақсаты – елорданың тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару және экологиялық мәдениетті дамыту.

Қала көшелері мен аулаларының көркейіп, таза болуы үшін кез келген тұрғын өз үлесін қоса алады.

Айта кетейік, сенбілік таңғы сағат 10:00-де басталады.