Қазақстан теңізшілері Каспийде он күндік оқу-жаттығу жорықтарын өткізді

Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелері Каспий теңізінде жоспарлы оқу-жаттығу жорығын сәтті аяқтады. Жаттығулар жағадан шамамен 80 теңіз милі (150 шақырым) қашықтықта өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Үш кезеңнен тұрған жорық барысында әскери теңізшілер ұрыстық жағдайда шешім қабылдау, кемелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру және жеке құрамның теңіздегі дайындық деңгейін бағалау міндеттерін орындады.
Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, бірінші дәрежелі капитан Данияр Хайрушев экипаждардың кәсібилігін жоғары бағалады.
«Қолайсыз ауа райына қарамастан, теңізшілер навигация, кеме басқару және қару-жарақты пайдалану бойынша тапсырмаларды сәтті орындап, жоғары төзімділік пен ұйымшылдық танытты», – деді ол.
Орал қаласының тумасы, матрос Тұрар Өміржанов үшін бұл алғашқы теңіз жорығы ерекше әсер қалдырған.
«Әскерге дейін теңізді көрмеп едім. Бұл жорық мен үшін үлкен сынақ әрі мақтаныш болды», – дейді жас матрос.
Жаттығулар барысында әскери қызметшілер кеме маневрлері мен атыс жаттығуларын пысықтап, техникамен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді.
Алдағы уақытта оқу-жаттығулардың ауқымын кеңейтіп, жаңа тактикалық сценарийлер мен заманауи әдістерді енгізу жоспарланып отыр.



