Діни мазмұндағы ақпаратты заңсыз таратқан екі петропавлдық жауапқа тартылды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы әлеуметтік желіде діни уағыз жүргізіп, діни мазмұндағы ақпаратты заңсыз таратқан Петропавл тұрғынын жауапкершілікке тартты, деп хабарлады Elordainfo.kz СҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құқық бұзушылыққа жол берген азаматқа ескерту берілді. Полицейлер азаматтарды рухани сұхбат пен діни білімді тек ресми тіркелген діни ұйымдардан алуға шақырды.
Ол интернет кеңістігінде діни мазмұндағы фото және бейнематериалдар таратқан тағы бір петропавлдық жауапқа тартылды. Белгілі болғандай, ол өткен жылы да осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Полиция өкілдері заң бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесудегі мақсат – жазалау емес, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру екенін еске салады», - делінген хабарламада.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тарату тек діни ғимараттарда, рухани білім беру ұйымдарында және арнайы белгіленген стационарлық орындарда рұқсат етіледі.