Қазақстан қытайлық туристер жиі баратын бес елдің қатарына кірді

Бүгін, 16:14
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views78
Қазақстан қытайлық туристер жиі баратын бес елдің қатарына кірді
Фото: freepik.com

Tongcheng Travel ірі онлайн-туристік компаниясының деректеріне сәйкес, Қазақстан ҚХР-да Ұлттық күн мен Күздің ортасы мерекесін атап өтуге арналған 8 күндік демалыста халықаралық қонақ үйлерді брондаудың ең жоғары өсімі байқалған 5 шетелдік бағытқа кірді, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazakh Tourism-ке сілтеме жасап. 

Биыл Қытайда шетелге ұзақмерзімді топтық турларға қызығушылық артып келеді. Олардың саны жылдық көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Мереке күндері ҚХР туристері тарапынан Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африканың бірқатар елдерінде халықаралық қонақ үйлерді брондау едәуір көбейгені байқалады. Сұраныстың өсімі бойынша көшбасшылар бестігіне Сауд Арабиясы, Египет, Жаңа Зеландия, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері кірді. 

«Қазақстан Қытай аудиториясы үшін тартымды бағытқа айналуда. Биылғы 9 айда ғана елімізге ҚХР келушілер қатары 675 мыңнан асты. Ал өткен жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 655 мың адамды құраған болатын. Бұл – елімізге деген жоғары қызығушылықты және Қытайдың туристік нарығында елімізді ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынастарын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстың тиімділігін көрсетеді», – деді Kazakh Tourism АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы. 

Атап өткен жөн, ҚХР ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан жайлы ізденістер саны тәулігіне орта есеппен 420-430 мыңды құраған. Ең жоғары белсенділік Гуандун мен Чжэцзян провинцияларында, Бейжің қаласында, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Шандун провинциясында байқалды. Бұл Қазақстанға деген қызығушылық шекара маңындағы аумақтармен шектелмей, Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерін де қамтығанын көрсетеді.