Елордалық студент TurkicSkills-2025 чемпионатында жүлделі орынға ие болды

Астанадағы М.Жұмабаев Халықаралық жоғары колледж атынан қатысқан – Тайыржан Аметов TurkicSkills-2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында «Веб-технологиялар» құзыреттілігі бойынша екінші орынға ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
TurkicSkills-2025 чемпионаты – түркітілдес елдердің кәсіби-техникалық білім беру саласындағы ірі халықаралық жарысы.
Биылғы байқау Ақтау қаласында өтіп, оған жеті мемлекеттен барған 70 колледж студенті қатысты. Қатысушылар өз шеберліктерін дрондарды басқару, веб-технологиялар, автосервис, сантехника және жылыту, графикалық дизайн сияқты 10 түрлі құзырет бойынша сынады.
Тайыржан чемпионаттың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп, өзінің кәсіби даярлығының жоғары деңгейін, шығармашылық ойлау қабілетін және техникалық шеберлігін халықаралық қазылар алқасына дәлелдей білді. Бұл жетістік – оның мақсаткерлігінің, табандылығының және жүйелі дайындықтың жемісі.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі бұл медаль Астана қаласы атынан WorldSkills қозғалысы аясында алынған алғашқы халықаралық марапат болып отыр. Бұл жетістік елорданың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің даму қарқынын, сондай-ақ жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін нақты көрсетеді.
Тайыржанның жарысқа жоғары деңгейде дайындалуына PhD докторы, арнайы пәндер оқытушысы Олжас Әбішев жетекшілік етті. Оның әдістемелік шеберлігі мен кәсіби тәжірибесі студенттің жеңісіне тікелей ықпал етті.
TurkicSkills халықаралық чемпионатының басты мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, білікті кадрларды дамыту және түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту. Бұл – жас мамандар үшін тәжірибе алмасып, білім мен біліктілікті халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Чемпионат аясында сондай-ақ инновациялық көрме, оқытушыларға арналған тренингтер, және Caspian халықаралық фестивалі ұйымдастырылды.



