Елорданың жасыл белдеуінде 325 бас жетісу қырғауылы ұшырылды

Бүгін, 16:57
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views52
Елорданың жасыл белдеуінде 325 бас жетісу қырғауылы ұшырылды
Фото: Нұркен Мерғалиев

11 қазанда өтетін жалпықалалық сенбілікке орай Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «JARYQ AQ-JOL» ЖШС, «Астана орманы» ЖШС, «Астана ветсервис» ШЖҚ КМК және Ақмола облысы орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағына 325 жетісу қырғауылын ұшырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға сонымен қатар Астана мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

«Бұл құстардың екінші партиясы екенін айта кеткен жөн. Бірінші партияда 850 бас құс биылғы сәуір айында ұшырылған болатын. Жыл сайын елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағына шамамен 1 500 дана қырғауыл ұшырылады. Бұл қырғауылдардың мекендеу аясын кеңейтуге, жаңа аумақтарды қоныстандыру арқылы жасанды орман алқабындағы зиянкестерге қарсы биологиялық күрес жүргізуге ықпал етеді. Яғни қырғауылдарды жасанды орманға ұшыру ондағы зиянды жәндіктердің санын азайтуға септігін тигізеді», - деді Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің басшысы Сағыныш Сағынтаев.

Оның айтуынша, елорданың жасыл белдеу аймағындағы жасыл желек, қамыс бұталар, жайылымдар және дәнді дақылдардың агроценозы қырғауылдардың тіршілік етуіне қолайлы.

«Қырғауылдар аязға төзімді, оларға ерекше күтім қажет емес, тек қыста азықтандыру қажет. Қырғауылдардың қорегі негізінен өсімдік текті тұқымдар, жидектер, тамырлар. Сонымен қатар бұл құстар жәндіктермен де қоректенеді. Қырғауылдар елорданың санитариялық-қорғау жасыл аймағында орналасқан «фазанарийде» өсіріледі. Құстарға үнемі бақылау жасалып, қадағалау жүргізіледі», - деді Сағыныш Сағынтаев.

10 қазан күні жасыл белдеуге тағы 325 Жетісу қырғауылы ұшырылады.