Қазақстан мен БҰҰ: еліміз Ұйым Жарғысының инклюзивтілік идеяларын ілгерілетеді

Бүгін, 18:03
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views44
Қазақстан мен БҰҰ: еліміз Ұйым Жарғысының инклюзивтілік идеяларын ілгерілетеді
Фото: СІМ

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығын атап өтіп, адам құқықтарын құрметтеуге және орнықты дамуды ілгерілетуге негізделген БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділігін қуаттады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 80 жылда Ұйымның адамзаттың жаһандық сын-қатерлеріне қарсы күресте шешуші рөл атқарғанын және халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала беретінін атап өтті.

1992 жылы БҰҰ-ға мүше болғаннан бері Қазақстан ядролық қарусыздану, өңірлік серіктестік, өркениетаралық диалог және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу салаларындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

«Елімізде БҰҰ-ның 27 агенттігі мен мекемелері жұмыс істейтінін атап өту қажет, ал Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы өңірдегі байланыстарды нығайтуға және өркендеуге ықпал етуге маңызды қадам болды. Осы тұрғыда Қазақстан Ұйымды жаңғыртуға және неғұрлым қауіпсіз, әділ және орнықты әлем құруға үлес қоса отырып, БҰҰ Жарғысының рухында инклюзивтілік идеяларын дәйекті түрде ілгерілетеді», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.