Астана қаласы әкімі Elorda Aqparat медиахолдингінің қызметкерлерін марапаттады

Бүгін, 19:50
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views73
Астана қаласы әкімі  Elorda Aqparat медиахолдингінің қызметкерлерін марапаттады
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бұл туралы Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

«Бүгін біздің медиасеріктестік үшін ақ түйенің қарны жарылған айрықша қуанышты күн болды! Республика күні мерекесіне және Серіктестікке қарасты қос басылымның 35 жылдық мерейтойына орай қала әкімдігінде қызметкерлерімізді құттықтау шарасы өтті.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Астана ақшамы» газетінің шолушысы, басылымның алғашқы жылдарынан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Гүлбаршын Мамырайымоваға «Құрмет» орденін, ал «Вечерняя Астана» газетінің тәжірибелі корректоры Марина Тютринаға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті.

Ал өзге жиында қала әкімінің орынбасары Есет Байкен «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторының орынбасары Шолпан Ақбалаеваға және серіктестіктің үйлестіруші менеджері Айнұр Қарамендиеваға пәтер кілттерін табыс етіп, ұжымның қуанышын еселей түсті. 

Бұдан бөлек, еңбегімен ерекшеленген бірнеше әріптесіміз алғыс хаттармен марапатталды.

Мерейтой қарсаңында Ақорда мен әкімдік тарапынан көрсетілген жоғары бағалау біздің ұжымға деген зор сенім мен құрметтің көрінісі деп білеміз.

Әлбетте, мұның бәрі тұтас ұжымның мерейі мен қуанышы, ортақ жетістігі екені сөзсіз!» - деп жазды О.Сыдықбек.