Армения басылымы: Қазақстан Президенті армян халқының досы әрі бейбітшілік көпірі

Бүгін, 15:23
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views53
Армения басылымы: Қазақстан Президенті армян халқының досы әрі бейбітшілік көпірі
Фото: Ақорда

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев армян халқының досы әрі бейбітшілік көпірі». Арменияның Zarkerak.am жаңалықтар порталында осындай тақырыппен мақала жарық көрді. Elordainfo.kz оқырман назарына осы мақаланың бейресми аудармасын ұсынады.

«Армян-әзербайжан қарым-қатынасында соңғы айларда байқалып отырған оң ілгерілеушілік тосын жайт немесе екі елдің саяси еркі ғана емес, ол – сонымен қатар бірқатар серіктес мемлекет пен олардың көшбасшыларының күш-жігерінің нәтижесі. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «негізгі» десек артық айтқандық болмайтын рөлі ерекше байқалады. Тоқаев алғашқы күннен-ақ өзін теңгерімді әрі сындарлы көшбасшы ретінде танытып, Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнату тек өңірлік қана емес, сонымен бірге еуразиялық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі екенін үнемі баса айтып келді. Оның ұстанымы адами жылылықпен және Армения басшылығына да, армян халқына да шынайы қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Қасым-Жомарт Тоқаев еш уақытта да жалаң саяси есепті басшылыққа алған емес. Барлық тарапқа да ұзақмерзімді табыс әкелетін шешім табуға ұмытылды. Оның арағайындық әрі қолдаушы рөлі Әзербайжаннан Армения бағытына транзиттік дәліз ашу мәселесінде айрықша байқалды», - деп жазады басылым.

Мақала авторы Мктрич Исраелянның сөзінше, Қазақстанның белсенді қатысуы мен сенімге ие арағайындық қарым-қатынасы екі елге де шиеленісті төмендетіп, өзара сенім ахуалын қалыптастыруға септігін тигізді. Бұл процестің экономикалық қана емес, сондай-ақ нышанды мәні бар. Ол ынтымақтастық қарама-қайшылықтарды еңсере алатындығын көрсетті.

Сонымен қатар автор Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын Қазақстан саяси арағайындықтан бөлек Армениямен экономикалық байланыстарды нығайту үшін нақты қадам жасап отырғанын тілге тиек етті. Арменияның азық-түлік тұрақтылығына септігін тигізумен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашатын Қазақстан астығын импорттау бағдарламасының жүзеге асырылуы да айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев бейнесін байсалды, бірақ Ереванды да, Бакуді де бейбітшілікке жетелейтін қуатты көпір деп атауға болады. Оның «бәрі жеңіске жете алады» деген көзқарасы бүкіл өңірде жаңа өмір тынысын ашқан формулаға айналды. Армения мен Қазақстанды тарихи, мәдени және экономикалық ортақтастық байланыстырып, бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен теңгерімді саясатының арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Дегенмен ең бастысы ол тіпті күрделі геосаяси жағдайда да бейбітшілік идеясын басшылыққа ала отырып, адами жылылық пен сындарлы көзқарасты сақтауға болатындығын көрсетіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев үлгісі көшбасшылар мүдделері арасына сызат түсірмей, біздің арамызда алтын көпір болатын адам екенін дәлелдейді», - деді мақала авторы Мктрич Исраелян.