Көлік саласындағы ынтымақтастық: Қазақстан мен Германия екіжақты келіссөз жүргізді

ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсен мен Бундестаг депутаты, Сыртқы істер комитетінің мүшесі Штефан Майермен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, Германия компанияларының Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Күн тәртібінде Қазақстан тарапы Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Кездесу барысында инфрақұрылымды жаңғырту және терминалдық қуаттарды кеңейту мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар кездесуде биылғы 24 қыркүйекте Астанада өткен Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының 15-отырысының нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Бұл формат екі ел арасындағы практикалық бастамаларды ілгерілету үшін тиімді алаң болғаны аталып өтті.
Тараптар көлік және логистика саласындағы өзара ынтымақтастықты, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаласты.
Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның көлік компаниялары арасындағы инвестициялық серіктестікті тереңдету және профильдік министрліктер мен ұлттық компаниялар арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қарастырылды.
Кездесу соңында тараптар көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара қызығушылығын білдіріп, Үкіметаралық жұмыс тобы шеңберінде диалогты жалғастыруға келісті.



