Үкімет дамудың басым бағыттарына 1,4 трлн теңгені қайта бөледі

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы бойынша баяндама жасай отырып, қаржы министрі Мәди Такиев құжаттың 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде Бюджет кодексіне сәйкес дайындалғанын атап өтті.
«Бірлескен жұмыстың нәтижесінде бюджет қаражаты қайта бөлінді: 30 млрд теңге – өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталған болса; шамамен 4 млрд теңге – бірінші кезектегі шығыстарды қамтамасыз етуге бағытталады. Сонымен қатар дамудың басым бағыттарына 1,4 трлн теңге сома қайта бөлінді», - деді министр.
Мәди Такиев биылғы бюджетті қалыптастыру ең жауапты және күрделі процестердің бірі болғанын айтты.
Оның айтуынша, бұл нәтиже мен тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексінің қолданылу аясында қалыптастырылған алғашқы бюджет.



