Қазақстанда қанша ардагер тұрады

2025 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елімізде 79 313 ардагер тұрады. Биыл аталған санаттардағы азаматтарға 12,6 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда 79 313 ардагер тұрады, оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 86 ардагері, жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 16 556 ардагер, 26 587 басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері, 36 084 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері бар. 2025 жылы аталған санаттардағы азаматтарға 12,6 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2025 жылы осы мақсаттарға 17 млрд теңге қарастырылған», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Республикалық бюджеттен берілетін ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санаттарына, өзге де әлеуметтік төлемдерді алуына қарамастан, мынадай мөлшерде төленеді:
1. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері – 16 АЕК (2025 жылы – 62 912 теңге);
2. Жеңілдіктері бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК (2025 жылы – 29 687 теңге);
жеңілдіктер бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
3. басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:
Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (2025 жылы – 18 874 теңге);
4. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (2025 жылы – 8 376 теңге).