Америкада тұратын қазақтар Қазақстанның Республика күнін қалай атап өтті

Бүгін, 16:13
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views99
Америкада тұратын қазақтар Қазақстанның Республика күнін қалай атап өтті
Фото ұйымдастырушылардан

Қазақстанның Республика күнін ұлықтау мақсатында АҚШ-та тіркелген «Біріккен Алаш» қорының ұйымдастыруымен Нью-Йорк қаласында ғылыми және мәдени кеш өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ғылыми және мәдени кеште Қазақ хандығының 560 жылдығы мен Алашорданың 108 жылдығы, Егемендік Декларациясының 35 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы сынды маңызды тақырыптар қамтылды.

Іс-шарада Құрама Штаттар мен Қазақ елінің ән ұраны орындалды. Қор президенті Ұланбатыр Бақытханұлы алыс-жақыннан келген қонақтарға, яғни Қазақстан, АҚШ, Германия, Жапония және Түркиядан жиналған меймандарға алғысын білдіріп, қордың зерттеу орталығы мен мәдени клубын ашық деп ресми түрде жариялады.

Тарих ғылымдарының докторы, Қытайдағы Бейжің университетінің түлегі, кейін Германияның Бонн университетінде постдокторлық зерттеумен айналысқан және АҚШ-тағы Гарвард университетінде зерттеуші профессор болған, Еуразия тарихы мен картографиясы саласында әлемге танымал маман Нұрлан Кенжеахмет осы жиынға Германиядан арнайы барып қатысты. Ол қазақтың елдігіне байланысты арнайы ғылыми баяндама жасап, Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Қазақиядан Қазақстанға дейін» кітабына ғылыми түсініктеме берді.

Мәдени кеште америкалық күйші Джефф Герштің қазақ балаларымын бірге Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін күмбірлетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Шетте жүрсе де ана тілдерін ұмытпаған балалардың Абайдың әндерін хормен орындап, өлеңдерін мәнерлеп оқығаны, Міржақып Дулатұлының өлеңін, Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын», Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңдерін оқығаны жиналған қауымды бір серпілтіп тастады», - деді Ұланбатыр Бақытханұлы.

Қонақтарға дастархан жайылып, балаларға сыйлықтар табысталып, сертификаттар берілді.