Ли Зоу: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – әлемге үлгі боларлық бастама
Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының (CSD) халықаралық директоры Ли Зоу Қазақстанның «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бүкіл әлем үшін үлгі боларлық бастама екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Washington University in St. Louis өкілдерімен кездесуі жайлы Facebook парақшасындағы жазбасында мәлімдеді.
«Ұлттық қор – Қазақстан балаларына. Инновациялық саясат және жаһандық ықпал ету әлеуеті» бірлескен конференциясы шеңберінде Қазақстанға Washington University in St. Louis USA және Maqsut Narikbayev University университеттерінің «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының тәжірибесін зерделеуге келді.
Іс-шараға Сингапур, АҚШ, Қытай, Моңғолия, Корея және Әзірбайжан университеттерінің атынан келген делегациялардың оннан аса сарапшысы қатысты.
Симпозиум «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қызығушылық танытқан американдық университет өкілдерінің бастамасымен өткізілген. Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының (CSD) халықаралық директоры Ли Зоу Қазақстанның тәжірибесін жоғары бағалады.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бүкіл әлем үшін үлгі боларлық бастама екенін айтқым келеді. Бұл жоба Президенттеріңіздің стратегиялық көзқарасының еңбегі және қалаларда немесе ауылдарда тұратынына қарамастан, елдегі барлық балаға инвестиция салуға деген ұмтылысы екенін ерекше атап өту қажет. Қазақстанның жеті миллион баласының бәрі осы фантастикалық көреген жобаның бенефициарлары болып саналады», - деді Ли Зоу.
Оның айтуынша, бағдарламаның Қазақстан үшін де, өңір үшін де және бүкіл әлем үшін де маңызы зор. Ол сондай-ақ Симпозиум Қазақстан студенттері мен азаматтарын, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты оқыту мен тәжірибе алмасу үшін тамаша алаңға айналғанын атап өтті.
