FIRST GLOBAL: қазақстандық оқушылар әлемдік робототехника олимпиадасына қатысып жатыр

Бүгін, 16:25
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views63
FIRST GLOBAL: қазақстандық оқушылар әлемдік робототехника олимпиадасына қатысып жатыр
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Панама-ситиде FIRST Global Challenge халықаралық робототехника олимпиадасы басталды. Байрақты бәсекеге әлемнің 190-нан аса елінен қатысушылар жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы чемпионат жаһандық экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және биологиялық әралуандылықты арттыру тақырыбына арналған. Роботтар экологияны қалпына келтіруді модельдейтін тапсырмаларды орындау арқылы ұпай жинайды: олар кедергілерді (бөгеттерді) жою, биоалуандылық бірліктерін ойын алаңындағы арнайы экожүйелерге жеткізіп орналастыруы және тепе-теңдік механизмдерін іске қосуы тиіс.

Биылғы іріктеу нәтижесінде 40 команданың ішінен құрамаға Алматы қаласындағы НЗМ ФМН 9-10-сынып оқушылары енді. Олар: Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Орынбасаров Әлихан, Әсетұлы Мадиар және Тұрсымбаев Нұрасыл. Ұлттық құраманың жаттықтырушылары – Дулат Байтүленов, Нұрдәулет Досмағамбет және Асылбек Мырзахметов.

Ұлттық құрамаға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО, USTEM Foundation ҚҚ, Alem.AI жасанды интеллектінің халықаралық орталығы және Cannect.AI қазақстандық стартапы қолдау көрсетуде.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурда және 2024 жылы Афинада абсолюттік чемпион атанған, қазіргі таңда әлемнің үш дүркін чемпионы болып саналады.