Астанада есірткі қылмысына қарсы күрес қалай жүріп жатыр
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Халықты осы қауіпті қатерден қорғау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы елордалық прокуратураның «Сарайшық» ауданы бойынша сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Әлібек Болатбеков Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Спикердің айтуынша, бүгінде ең үлкен қауіп төндіріп отырған – синтетикалық есірткілер. Оларға «тұз», «скорость», «мефедрон» және басқа да жаңа психоактивті заттар жатады. Бұл заттар көбінесе интернет-платформалар мен мессенджерлер арқылы, зиянсыз тауар ретінде бүркемеленіп сатылады, алайда іс жүзінде адам денсаулығына, әсіресе жастарға, орасан зор зиян келтіреді.
«Сарайшық аудандық полиция басқармасы құрылғанына небәрі алты ай болғанымен, осы уақыт ішінде есірткі айналымына қатысты 96 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның 26-сы – есірткі сату фактісі бойынша.
Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 70 килограмнан астам есірткі заты тәркіленіп, 10 адам қамауға алынды. Бұл көрсеткіштер мәселенің өзекті күйінде қалып отырғанын және оған мемлекеттік органдар мен қоғам тарапынан тұрақты назар қажет екенін көрсетеді», – деді Ә.Болатбеков.
Оның айтуынша, тұрғындардың бір бөлігі әлі күнге дейін есірткі заттарын сақтау, тарату және тіпті насихаттаудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін толық түсінбейді.

Прокуратура мен полиция басқармасы бірлесіп, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Осындай шаралар барысында 200-ден астам есірткі жарнамасы (наркограффити) анықталып, боялып тасталды. Бір дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы 1-бөлігі («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттау не заңсыз жарнамалау») бойынша іс тіркеліп, ол 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қылмыстың ауырлығына қарай 3 жылдан 20 жылға дейін, ал кей жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте жас ерекшелігіне байланысты жеңілдік қарастырылмайды, жауапкершілік толық көлемде жүктеледі.
Сондай-ақ синтетикалық есірткіні сақтау фактісі бойынша жауапкершілік, тіпті бір миллиграмм тыйым салынған зат табылған жағдайда да туындайды.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабына сәйкес, есірткі заттарын, психотроптық немесе күшті әсер ететін заттарды медициналық мақсатта емес пайдалану үшін 40-тан 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 10-20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
«Есірткі сатушылар адамдарға оңай және жазасыз табыс табуға болатын иллюзия тудырады. Өкінішке қарай, көптеген азаматтар соған алданып, қателік жасайды. Олар: «Бір рет қана істеймін, ақша табам, сосын тоқтаймын» деп ойлайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, солардың басым бөлігі тіпті алғашқы не екінші рет жасаған кезінде-ақ ұсталып қалады. Сондықтан қоғамда есірткі қылмысына мүлде төзбеушілік қалыптастыру қажет», – деді прокуратура өкілі.
Елордада нашақорлықтың алдын алу, жастардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіліп келеді.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында биыл қыркүйек айында қалалық прокурордың тапсырмасымен Астанада есірткі қылмысына қарсы бағытталған 30 күндік кешенді алдын алу іс-шаралары өткізілді.
Есірткі қылмыстарын анықтаумен қатар, алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Қалада арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен 1500-ден астам студент пен оқушыны қамтыған кең ауқымды форум өтті. Бағдарламада полиция қызметкерлерінің сөз сөйлеуі, тақырыптық бейнеролик көрсету, спорттық және жауынгерлік өнер элементтерінен құралған көрсетілімдер болды. Бұл жастарға салауатты өмір салтын таңдаудың нақты баламасын көрсетіп, уәждемесін арттырды.
Шараның ең әсерлі бөлігі – бұрын есірткі тәуелділігімен күрескен адамның жеке тәжірибесімен бөлісуі болды.
Бұл диалог кездесуге шынайылық пен эмоциялық әсер қосты.
Сонымен қатар форумға блогерлер мен қоғам қайраткерлері қатысып, жастарға мотивациялық үндеу жасады.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері де қоғамның барлық күшін біріктіріп, есірткі қатеріне қарсы күресуге шақырды.
«Астанада есірткіге қарсы 30 күндік шаралар кешені» жобасы аясында мынадай іс-шаралар өткізілді:
- аудан прокурорының төрағалығымен әкімдік және полиция басқармасы өкілдерінің қатысуымен жедел кеңес өткізілді;
- полициямен өзара іс-қимыл тәртібін түсіндіру мақсатында ПИК және тұрғын үй иелері бірлестігі өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды;
- құқық қорғау органдары қызметкерлері аудан тұрғындарымен 10 кездесу және мектептерде 15 алдын алу іс-шарасын өткізді;
- көңіл көтеру орындарында түнгі рейдтер жүргізілді;
- жатақханаларда тұратын студенттермен профилактикалық дәрістер өтті;
- әлеуметтік желілерде «Жасырыну мүмкін емес – жауапкершілік бәріне ортақ» атты бейнеролик жарияланды;
- екі мектеп базасында 8-11-сынып оқушыларының 450 ата-анасы қатысқан жиналыс өткізілді, онда ІІМ, ВИЧ алдын алу орталығы, Аналар мен әкелер одағының өкілдері сөз сөйледі. Кездесудің мақсаты – есірткі тұтыну мен таратудың салдарын нақты мысалдармен ата-аналарға түсіндіру.
Спорт және дене шынықтыру басқармасымен бірлесіп, «Өз бағытыңды таңда!» ұранымен спорт жәрмеңкесі өткізілді. Онда мектеп оқушылары қаладағы 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің үйірмелерімен танысты. Бұл іс-шара есірткіге қарсы профилактиканы салауатты өмір салтын насихаттаумен ұштастырып, жастар мен ата-аналарға спортты өмірлік балама ретінде таңдаудың маңызын көрсетті.
Сонымен қатар пробация қызметінде есепте тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Жастарымыздың және еліміздің болашағы қандай болатыны – әрқайсымызға байланысты. Қылмыстың алдын алу – оны жасағаннан кейін кінәлілерді іздеуден әлдеқайда тиімді. Сондықтан кез келген күмәнді жайттар мен заң бұзушылық белгілерін байқасаңыздар, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар», – деп қорытындылады спикер.
