Астанада қоғамдық көлік қалай жақсартылып жатыр

Бүгін, 10:01
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views66
Астанада қоғамдық көлік қалай жақсартылып жатыр
Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қоғамдық көлік мәселесі қаншалықты жақсартылып жатқаны туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Біздің басты міндеттеріміздің бірі – қоғамдық көлікті дамыту. Жыл сайын автобустар саны орта есеппен 300-350 бірлікке көбейіп, жаңа бағыттар мен автобус жолақтары (Bus Line) ашылып келеді. Мұның бәрі қоғамдық көлікті қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі тартымды ете түседі. Мәселен, 2024 жылы жолаушылар ағыны тәулігіне шамамен 800 мың адам болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 100 мың адамға жетті», - деп жазды елорда әкімі. 

Оның сөзінше, жолаушылар санының артуы мен қаланың қарқынды дамуына байланысты келер жылы 13 жаңа бағыт ашылады. Сол сияқты Bus Line жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Арнайы автобус жолағы қозғалыс уақытын 25-30 пайызға қысқартады. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 134 шақырым болатын 30 учаскеде автобус жолағы бар. Биыл Тәуелсіздік даңғылы, Амман көшесі және Қорғалжын тасжолы бойындағы үш учаскеде жаңа жолақтар енгізілді. Ал былтыр мұндай жүйе алты учаскеде ашылған болатын.

«Автопарктердің жұмысымен таныстым. Бүгінде елордадағы қоғамдық көлік жүйесіне барлығы 9 автопарк қызмет көрсетеді. Олардың бірі – коммуналдық кәсіпорын. Жеке автопарктер де өз қаражатынан жаңа автобустар сатып алып жатыр. Биыл олар жалпы саны 122 автобус сатып алады, олардың бір бөлігі қалаға жеткізілді. Қалалық автопарк биыл газбен жүретін 300 автобус жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 134-і қазірдің өзінде қалаға жеткізілді. Сондай-ақ қазіргі уақытта индустриялық аймақта автокөліктерге арналған газ толтыру компрессорлық станциясы орнатылып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, инвестициялық келісім аясында және бағыттық желіні жаңғырту мақсатында «АБИ-Астана» ЖШС, «Elorda Trans» ЖШС және «Жорға МТ» ЖШС жеке автопарктері жаңа автобазалардың құрылысын жүргізіп жатыр», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.