Республика күніне орай Мемлекет басшысы елге еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында елге еңбегі сіңген азаматтарды марапаттады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Елімізде қажырлы еңбегінің арқасында нағыз еңбек адамы атанған азаматтар өте көп». Бүгін арамызда Мұрат Кеңесұлы Қаражұманов отыр. Ол 45 жылға жуық табанды еңбек етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Майталман механизатор жас мамандарға жол көрсетіп, мол тәжірибесін бөлісуде. Бұл салада Қаражұмановтар әулетінің 30-дан астам өкілі жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады. Бүгін Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылданды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында адал еңбегімен Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттап жатырмыз. Бүгінгі мерекеде біз Сергей Петрович Чернобайға құрмет көрсетеміз. Ол – еңбегі ерен кенші, «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, отандық көмір өндірісінде аты аңызға айналған тұлға. Еңбеккерлер әулетінен шыққан азамат. Ата-анасы да, жұбайы да, тіпті балалары да өз тағдырын шын мәнінде батыл жандардың қолынан келетін кәсіппен байланыстырған. Өнегелі отбасының жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Бұл – жай ғана цифр емес, қажырлы еңбек пен кәсіби сабақтастықтың жылнамасы. Чернобайлар әулеті ел дамуына өлшеусіз үлес қосып, өз ісіне адалдықтың және нағыз еңбекқор жандардың үлгісі боларына кәміл сенемін. Сергей Петрович Чернобайға жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Анатольевич Касициннің «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері, еңбек жолын қарапайым зоотехниктен бастап еліміздегі ең озық агроөнеркәсіп шаруашылықтарының бірінің басшысына дейін көтерілген айтулы маман екенін атап өтті.
«Галицкое» серіктестігі ауылды жаңғыртып, еңбеккерлерге қамқорлық көрсету арқылы керемет табысқа қол жеткізді. Ел алдындағы еңбегі үшін Александр Анатольевич Касицин «Отан» орденімен марапатталады.
Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі Сергей Васильевич Харченко өз ісін жақсы көретін, Отанын шексіз сүйетін жан ретінде көпке үлгі. Белгілі қаламгер, парасатты басшы, дарынды ұстаз мемлекеттің өркендеуіне, отандық журналистиканың дамуына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Бүгін Сергей Васильевич Харченко I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлығы бүгін алғаш рет табысталатынын айтты.

«Әйгілі археолог Зейнолла Самашевтің есімі баршаңызға белгілі. Ол өркениетіміздің теңдессіз қазынасы саналатын «Берел қорғанын» ашып, оны жан-жақты зерттеуге зор үлес қосты. Бұл жаңалық тарих ғылымын шын мәнінде жаңа деңгейге көтергені сөзсіз. Ал белгілі ғалым, картография зерттеушісі Мұхит-Ардагер Сыдықназаров төл тарихымызды түгендеуге атсалысып келеді. Ұлттық ғылымды өркендетуге сіңірген еңбегін ескере отырып, қос ғалымға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықты табыстау туралы шешім қабылданды. Бүгін осы сыйлық алғаш рет беріледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен даңқты спортшы Шавкат Рахмонов марапатталды. Президент оның еліміздің атын шет мемлекеттерге танытып, мерейін үстем ету жолында тер төгіп жүргенін атап өтті.

«Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Ассамблея – берекелі бірлігіміздің мызғымас нышаны, теңдесі жоқ бірегей құрылым. Оның мүшелері елдегі тұрақтылықты нығайту үшін аянбай еңбек етіп жүр. Ал қоғамдағы келісім мен ынтымақты күшейту – нағыз отаншылдық белгісі. Мен бүгін еліміздегі бірнеше этно-мәдени орталықтың өкіліне «Ел бірлігі» орденін табыстаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі екенін, сондықтан өмірін өнер жолына арнаған қайраткерлерге әрдайым құрметпен қарайтынын жеткізді.

Руханиятымызға ерекше еңбек сіңіргені үшін белгілі өнер майталмандары – Болат Әбділманов, Тамара Асар Жанқұл, Шынар Жанысбекова «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды. Сондай-ақ мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосқаны үшін Нина Жмеренецкая, Бақыт Қажыбаев, Зарина Алтынбаева және Әйгерім Алтынбек «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге айрықша үлес қосып жатқан Иван Сауэрге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
«Жоғары мемлекеттік марапаттарды халқымыздың шынайы ықыласы және сый-құрметі деп қабылдаңыздар. Бүгін әрбір облыста жүздеген лайықты азаматымыз менің Жарлығыммен жоғары мемлекеттік наградамен марапатталады. Олардың еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміз үшін ұлт саулығын сақтайтын дәрігердің, саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздың, ауылдағы шаруа мен өндірістегі жұмысшының, яғни әрбір кәсіп иесінің еңбегі айрықша маңызды екенін атап өтті.
«Бұл – кез келген өркениетті қоғамға тән мызғымас заңдылық. Бүгін мен ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысып жатқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды айтамын. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
