Elordainfo.kz тілшісі Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы журналистер байқауының жеңімпазы атанды

Elordainfo.kz желілік басылымының тілшісі Салтанат Мұратқызы Жакупова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылына арналған журналистер байқауында жүлделі екінші орынға ие болды.
Бүгін Астанада «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бастамасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Жұмысшы мамандықтар жылына арналған бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы республикалық байқаудың жеңімпаздары белгілі болды.
Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау шарасы «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты республикалық форум аясында өтті. Форум жұмысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты.
Elordainfo.kz желілік басылымының тілшісі Салтанат Жакупова «Шебердің бір күні туралы үздік фоторепортаж» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынды иеленді. Ол байқауға 81 жастағы астаналық тігінші әже Бәтжан Жамантықова туралы мақаласын ұсынған болатын. Elordainfo.kz тілшісінің жұмысы әділқазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Байқаудың басты мақсаты – қоғамда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ адал еңбегімен елге үлгі болған азаматтардың шынайы өмірлік оқиғаларын кеңінен насихаттау.
2025 жылғы 1 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында конкурсқа журналистерден, блогерлерден, фотографтардан, видеографтардан, БАҚ редакцияларынан, колледждерден, саяси партиялардан және өзге де ұйымдардан 200-ден астам өтінім қабылданды.
Қазылар алқасы құрамына белгілі журналистер, фотографтар, медиасала өкілдері, сондай-ақ еңбек саясаты мен біліктілік саласындағы сарапшылар кірді. Қазылар алқасы мүшелері жіберілген барлық өтінімдерді бекітілген байқау ережесіне сәйкес бағалады.
Байқау жеңімпаздары бес номинация бойынша анықталды.
«Шебердің бір күні» атты үздік фоторепортаж:
- I орын – «Шойын балқытқан – Мұстафа», Мейірбек Тажкуранов, «Жайық Пресс» ЖШС, Орал қ.
- II орын – «81 жастағы кәсіпкер әже сүйікті ісімен айналысуда», Салтанат Жакупова, Elordainfo.kz желілік басылымы, Астана қ.
- III орын – «Золотое правило Уварова», Михаил Митрошенков, фотограф, Павлодар қ.
«Еңбек династиясының жетістік тарихы» атты үздік публицистикалық мақала:
- I орын – шахтада шыңдалған отбасы туралы мақала, Аружан Тлеубек, «Караван» медиапорталы, Алматы қ.
- II орын – атыраулық династияның тарихы туралы мақала, Жанат Шаяхметова, Atyrau press, Атырау қ.
- III орын – Құрмантегі шеберханасы туралы мақала, Қайныш Бұхарбай, «Индустриальная Караганда» облыстық қоғамдық-саяси газеті, Қарағанды қ.
«Еңбек адамымен сұхбат» атты үздік радиосұхбат:
- I орын – мал шаруасы шеберімен сұхбат, Салтанат Садибекова, Qazaq radiosy, Астана қ.
- II орын – байланыс технигімен сұхбат, Роман Буркашев, Yasawi FM диджитал-радиосы, Түркістан қ.
- III орын – «Человек труда» радиосұхбаты, Ольга Асхожина, Jibek Joly радиосы, Астана қ.
«Еңбек адамының портреті» атты үздік бейнеролик:
- I орын – фрезерлеуші туралы бейнеролик, Улан Сыдыков, Ақтөбе қ.
- II орын – металлург туралы бейнеролик, Нұртөлеу Екібай, Saryarqa Aqparat медиа холдингі, Қарағанды қ.
- III орын – химиялық талдау зертханашысы туралы бейнеролик, Базаргул Мырзатаева, Ақтау қ.
«Еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын насихаттау» атты үздік телесюжет:
- I орын – әскери ұшақ инженері туралы телесюжет, Назгүл Пахманова, «Хабар» Агенттігі» АҚ, Астана қ.
- II орын – водолаз туралы телесюжет, Виктория Кушербаева, «Қазақстан» РТРК» Акционерлік Қоғамы Маңғыстау облыстық филиалы, Ақтау қ.
- III орын – «Кәсіп түбі – нәсіп» телесюжеті, Нұрталап Шарападин, Ulytau облыстық телерадиокомпаниясы, Жезқазған қ.
Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.



